«Өмір үшін күрес»: Сотта Сұлтан Сәрсемәлиевтің анасы ұлына үн қатты

«Өмір үшін күрес»: Сотта Сұлтан Сәрсемәлиевтің анасы ұлына үн қатты
"Ақ Жайық"

Жангелдин ауылындағы отбасының қазасына қатысты сот процесінде бүгін айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің ата-анасы куәлік берді, деп хабарлайды ult.kz "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Іс бойынша жалпы 26 куә өтеді. Сот отырысында алғаш болып айыпталушының әкесі Самиғолла Сәрсемәлиев жауап берді. Ақсақалдың ақсап жүргенін байқаған судья оған отырып жауап беруге рұқсат етті.

Жауап алу басталған сәтте Сұлтан Сәрсемәлиев көзіне жас алып, толқуын жасыра алмады. Оның адвокаты судьяның сұрағына қысқаша:

— Толқып отыр, — деп жауап берді.

Әкесі ұлын сабырлы, отбасына жанашыр адам ретінде сипаттады. Оның айтуынша, Сұлтан темекі шекпеген, насыбай қолданбаған, құмар ойын ойнамаған және жанжалдан аулақ жүрген.

— Отбасына қамқор болды, жауапкершілігі жоғары еді, — деді куәгер.

Сонымен қатар ол ұлын толық ақтап алуға тырыспайтынын айтып, сот әділ шешім шығарады деген үміт білдірді.

— Кінәлі кім екенін сот анықтап, бұл іске нүкте қояды деп сенемін, — деді ол.

Әкесінің сөзінше, ол әлі күнге дейін болған жағдайға сене алмайды. Сондай-ақ немерелеріне жиі барып тұратынын айтты. Қазіргі таңда бір бала сәбилер үйінде болса, тағы төртеуі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәрбиеленіп жатыр.

Сот барысында куәгер Сұлтан мен бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева арасындағы қарым-қатынасқа сырт адамдар араласқан болуы мүмкін деген пікір білдірді. Алайда мұны қылмысқа себеп ретінде қарастыруға болмайтынын айтты.

Әкесі ұлының балалық шағында психологиялық жарақаттар болмағанын, сондай-ақ келінімен арасында ауыр жанжалдарды байқамағанын жеткізді.

— Оның Ақбаянға қол көтергенін де, дөрекі сөйлегенін де көрген емеспін, — деді ол.

Кейін сотта айыпталушының анасы Гүлнар Азмұханова куәлік берді. Ол сұрақтарға жауап беруден бас тартқандықтан, тергеу кезінде берген жауабы оқылды. Әйел өз сөздерін толық растады.

Сот залынан шығар алдында анасы ұлына қарата сөз сөйлеуге рұқсат сұрап, оның бес баласының бар екенін еске салды.

— Сен бұл өмірде көп қуаныш көрмедің. Өмір бойы күрестің. Мықты бол. Өмір үшін күрес. Мен балаларыңа әкелері бар екенін айтып жүремін, — деді анасы.

Сот процесі жалғасып жатыр.

Бұған дейін Сұлтан Сәрсемәлиев қанды қылмысты қалай жасағанын сотта баяндағанын жазған едік.