Ақтөбе облысында жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылғанына қарамастан, мас күйде көлік басқарған ер адам қайтадан полицияның қолына түсті, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 27 маусым күні Мәртөк ауданындағы ауылдардың бірінде болған. Учаскелік полиция инспекторы күдік тудырған Opel Frontera автокөлігін тоқтатып, рөлдегі 44 жастағы жергілікті тұрғынның масаң күйде екенін анықтаған. Медициналық сараптама оның алкогольдік мас күйде болғанын растады.
Тексеру барысында ер адамның бұған дейін де дәл осындай құқық бұзушылық жасағаны белгілі болды. Ол алғаш рет мас күйде көлік жүргізгені үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Алайда бұл жаза мерзімі аяқталмай жатып, қайтадан мас күйде рөлге отырған. Осы қайталанған заң бұзушылығы үшін сот оны көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырған.
Соған қарамастан, ер адам заң талабын тағы да өрескел бұзып, көлік тізгіндеген.
Қазіргі уақытта автокөлік мамандандырылған айып тұрағына қойылды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша соталды тергеу басталды.