Freedom Inside '26

Өмір бойы бір күйеумен тұрамын деп ойлағанмын – Ақбота Керімбекова

Өмір бойы бір күйеумен тұрамын деп ойлағанмын – Ақбота Керімбекова
Фото: әлеуметтік желі

Әнші Ақбота Керімбекова бала күнінен қалыптасқан өмірлік ұстанымы кейін тағдырдың басқа жолға салғанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі «1001 түн» бағдарламасына берген сұхбатында ата-анасының ажырасуы өзіне қатты әсер еткенін жасырмады. Оның айтуынша, дәл сол кезеңде болашақта ешқашан ажыраспаймын деген серт берген.

«Бала кезде ештеңені ойламайсың. Әке-шешең қасыңда, бар жағдайыңды жасап береді. Бірақ ата-анамның ажырасуы мен үшін ауыр соққы болды. Сол кезде өзіме “өскенде тұрмысқа шығамын, өмір бойы бір күйеумен өмір сүремін, ешқашан ажыраспаймын” деп сөз берген едім», – деді әнші.

Ақботаның айтуынша, жастайынан көпшіліктің назарынан қашқақтап, көзге түскісі келмейтін. Алайда тағдыр оны ел алдына шығарып, өнер жолында танымал етті.

«Бала күнімде көпшілікке араласудан қашатынмын. “Мені ешкім байқамаса екен” деп өстім. Бірақ Алланың қалауымен бәрі керісінше болды. Бүгінде халықтың алдында жүрмін. Жеке өміріме қатысты ұстанымдарым да мен ойлағандай болмады. Дегенмен оның да өзіндік қайыры бар деп қабылдаймын», – деді Ақбота Керімбекова.