Неге қазақстандық мыстың шынайы әлеуеті өндіруден кейін басталады

Неге қазақстандық мыстың шынайы әлеуеті өндіруден кейін басталады

Қазақстан өнеркәсіптің дәстүрлі салаларында, ең алдымен тау-кен металлургия кешенінде жаңа өңдеу кезеңдерін құру арқылы тұрақты әрі сапалы экономикалық өсімге қол жеткізе алады. Бұл туралы экономикалық шолушы Юрий Масанов Facebook желісіндегі парақшасында мәлімдеп, отандық металлургия секторының әлеуетін егжей-тегжейлі талдап берді, деп хабарлайды Ult.kz.

Сарапшының айтуынша, қазіргі уақытта ел ресурстарды жер қойнауынан шығарған бойда экспортқа жөнелтуді жалғастырып отыр. Ұлттық статистика бюросының деректері де осы үрдісті растайды: 2024 жылы шетелге 3,14 млрд АҚШ долларына 1,8 млн тонна мыс кені мен концентраты жөнелтілсе, 2025 жылы экспорт көлемі 2,8 млрд долларға 1,4 млн тоннаны құрады. Ал 2026 жылдың алғашқы жеті айында 2,3 млрд долларға 845 мың тонна шикізат сыртқа шығарылған.

Тұрақты валюталық түсімге қарамастан, өңделмеген ресурстарды сату негізгі қосылған құнды мемлекеттен тыс жерде қалдырады. Сарапшы мыс концентраты өндірістік тізбектегі бастапқы нүкте ғана екенін, одан кейін балқыту, қара және анодты мыс, рафинадталған катодты мыс алу, сондай-ақ сым, кабельдер мен күрделі жабдықтар шығару жүруі тиіс екенін атап өтті.

«Осы жаңа қайта өңдеу деңгейлерінің әрқайсысында қосылған құн өседі. Бұл дегеніміз — жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының пайда болуы, білікті мамандарға, энергетикаға, транспорт пен сервисге деген сұраныс. Шикізат экспортының орнына біз ел ішінде толыққанды өнеркәсіптік экожүйе қалыптастыра аламыз», — деп атап өтті Юрий Масанов.

Шикізатты терең өңдеу, сонымен қатар, алтын мен күміс сияқты ілеспе бағалы металдарды бөліп алуға және әлемдік логистикалық бағдарлардың тұрақсыздығы жағдайында уран саласына өте қажет күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік береді.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің жасыл технологиялар, жасанды интеллект және дата-орталықтардың дамуына байланысты 2035 жылға қарай мыс дефициті болуы мүмкін деген болжамдары аясында Қазақстанға жаңа инвестициялық циклды бастау маңызды.

Экономисттің пікірінше, бұл процестің бастапқы қадамы ел ішінде жаңа мыс балқыту зауыттарын салу болуы тиіс.