«Неге орысша білмейсің?»: Ресейлік блогер қазақ баласының орыс тілін түсінбейтініне таңғалып, оған шүйлікті (видео)

«Неге орысша білмейсің?»: Ресейлік блогер қазақ баласының орыс тілін түсінбейтініне таңғалып, оған шүйлікті (видео)

Ресейлік блогердің Қазақстандағы баладан «неге орысша білмейсің?» деп сұраған видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Видео астында мыңдаған пікір жазылып, желі қолданушылары блогердің әрекетін сынға алды, деп хабарлайды ult.kz.

Көпшілік ең алдымен қазақ баласының орыс тілін білуге міндетті емес екенін айтты. Пікір қалдырғандар Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі екенін еске салып, өзге елдің азаматы келіп өзге тілде сөйлеуді талап етуге құқығы жоқ екенін жазған. 

Желі қолданушыларының бірі:

«Қазақтар Қазақстанда тұрып орысша сөйлеуге міндетті емес. Орысша сөйле деуге ешкімнің құқығы жоқ», - деп жазды.

Тағы бір пікір иесі:

«Неге ол баладан қандай тіл білетінін сұрап, видеоға түсіреді? Адамды ұялту үшін жасаған сияқты», - деп наразылығын білдірген.

Кейбір қолданушылар видеодағы баланың абдырап, ыңғайсыз жағдайға түскенін айтып, оған жанашырлық танытты.

«Бала қатты қысылып қалған сияқты. Тіпті ұялып тұрғандай көрінді», - деп жазған желі қолданушысы.

Сонымен қатар көпшілікті алаңдатқан тағы бір мәселе кәмелетке толмаған баланы ата-анасының рұқсатынсыз видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялау. Пікірлерде блогердің бұл әрекеті заң мен этикаға сай емес екені айтылған.

«Баланың ата-анасының рұқсатынсыз видеосын желіге салуға қандай құқығы бар?» - деген пікірлер де көп болды.

«Он сегіз жасқа дейінгі балаға ата-анасы ,сынып жетекшісі болмаса қасында қысым жасап осындай сұрақтар қойып қысым жасауға болмайды. Баланың құқығын 18-жасқа дейін қорғайтын сот орындар осыны көріп заң аясында жауап беріңіздерші», - деп жазды енді бірі. 

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды тіл мәселесінен бөлек, қоғамдағы өзара құрмет пен мәдениет тақырыбымен де байланыстырды. Олар Қазақстанда мемлекеттік тілге құрметпен қарау маңызды екенін жеткізді. 

Бір қызығы видеода жасөспірімді кадрға алып тұрған мобилограф та баланы қорғауға тырыспаған. Жүзіне қарасаң қазақ сияқты.