Белгілі әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Марат Омаров жастарды шетелге шығып, жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі Аман Тасығанның "TalkLike" подкастына берген сұхбатында Америкадағы бес жылдық өмірі туралы айтып, жастардың болашағына қатысты ойын ортаға салды.
Әншінің пікірінше, жас кезде шетелге барып, өзге елдің тыныс-тіршілігін көру адамның ой-өрісін кеңейтіп, өмірден өз орнын табуына көмектеседі.
"Жастарға міндетті түрде Америкаға бару керек. Бірінші жылы қиналар, екінші жылы өзін тауып кетеді. Міндетті түрде өнер адамы болу шарт емес. Бизнес, IT немесе тіл маманы болсын. Тіл білгеннің өзі – 70-80 пайыз мүмкіндік. Соның арқасында ары қарай алып кетеді", – деді Марат Омаров.
Әнші Америкадағы өмірдің сырт көзге көрінгендей оңай емес екенін де жасырмады. Оның айтуынша, ол жақта әр адам өз күнін өзі көріп, қиындықты еңсеруге үйренеді.
"Америкада сенің жағдайыңды ешкім жасап бермейді. Орға түсіріп тастағандай болдым. Жан-жағыма жалтақтап қарадым, көмектесетін ешкім жоқ. Тіпті арқан да жоқ. Өзіңді өзің алып шығуың керек. Сіз табыс көзі туралы сұрап жатырсыз ғой. Таба алады, ол жерде қалмайды. Тіпті тіл білмейтіндерді де көрдім. Ең бастысы, жалқау болмаса болды", – деді өнер иесі.
Марат Омаров қазіргі жастардың шетелге шығуға мүмкіндігі бола тұра, оны пайдаланбай жүргеніне таңғалатынын айтты. Ол жастық шақты тек үйреншікті ортада өткізбей, жаңа ел көріп, түрлі салада бақ сынауға кеңес берді.
"Бүгін осында жүрген балаларды көріп таңғаламын. Не істеп жүр деп ойлаймын. Ұшу керек сендерге! Барып көрсеңдерші. Кореяға да барып жатыр ғой. Бар, жас кезіңде өзіңді тап. Біздің кезімізде ондай мүмкіндік болған жоқ. Кеңес Одағы кезінде "ұят болады", "үйтпе-бүйтпе" деген түсінік болды", – деп ойын түйіндеді әнші.
Осылайша, бес жыл Америкада өмір сүрген Марат Омаров жастарға тек дипломмен шектелмей, тіл үйреніп, еңбек етіп, өзге елден тәжірибе жинаудың маңызын жеткізді. Оның пікірінше, адамның алға басуына ең алдымен еңбекқорлығы мен тәуекелге бара білуі ықпал етеді.
Марат Омаров кім?
Марат Омаров – қазақтың белгілі әнші-композиторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі. Ол 1959 жылы 16 сәуірде Түркістан облысы Созақ ауданының Шолаққорған ауылында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Мәдени-ағарту институтын тәмамдап, еңбек жолында Шымкент облыстық филармониясының "Ауылым – әнім" ансамблінде әнші, Қазақ телевизиясында музыкалық редактор болып қызмет атқарған.
Оның "Анашым", "Әке арманы", "Алғашқы махаббат", "Қыз сыны", "Сыңарым", "Әнші балапан" сияқты әндері халық арасында кеңінен танылған.
Композитор "Жігер-87", "Азия дауысы-95", "Алтын диск-97" және басқа да халықаралық өнер байқауларының лауреаты атанған.
2001 жылдан бастап Астанадағы Президент оркестрі мен филармонияда қызмет еткен. Кейінгі жылдары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында тұрып, шығармашылық жұмысын жалғастырған.