Қазақстандық әнші Мөлдір Мұқанова туған ауылына барып, балалық шағының жылы естеліктерімен бөлісті. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында ауылдағы тыныс-тіршілікті көрсететін бейнежазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Әншінің айтуынша, ауылдың қарапайым өмірі мен табиғи тағамдарының дәмін қатты сағынған. Ол өзенге шомылып келгеннен кейін ыстық шай ішіп, сары ірімшікті сұйық қаймаққа араластырып жеген күндерін ерекше ықыласпен еске алған.
Сонымен қатар, Мөлдір Мұқанова табиғи сүт, қаймақ пен құрттың артында үлкен еңбек, шыдамдылық және мал шаруашылығына деген жауапкершілік жатқанын атап өтті.
Өнер иесі анасының жанында жүріп сиыр сауып, сүт тартқан күндерін сағынышпен еске алғанын жасырмады.
«Өзенге түсіп келіп дайын шай ішетін, сары ірімшікті сұйық қаймаққа араластырып жейтін жақтамын.
Сүт, қаймақ, құрттың дәмін-ай. Артында үлкен еңбек, тұрақтылық, мал шаруашылығына ұқыптылық жатыр.Анамның жанында жүріп сиыр сауып, сүт тартқанымды да сағыныппын. Сағынышымды осылай еркелеп жүріп басып алдым, рақмет саған ауылым», – деп жазды әнші.
Сондай-ақ ол анасының әрбір іс-әрекеті өзіне үлгі екенін айтып, «Анаңа тартқансың» деген сөзді ең үлкен мақтау санайтынын жеткізді.
Мөлдір Мұқанова ауылда маздап жанған оттың басында бауырсақ пісіріп, балалық шағы мен анасының мейірімін сағынышпен еске алғанын айтып, әр шаңыраққа береке мен молшылық тіледі.
Желі қолданушылары әншінің қарапайымдылығы мен ауылға деген ықыласына оң бағасын беріп, «Ауылға келін болатын жан екен», «Нағыз қазақ қызы», «Ауылдың тәрбиесі көрініп тұр» деген пікірлерін қалдырды.