Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров әлеуметтік желіде жазба жариялап, өзіне қатысты тараған ақпараттарға түсініктеме берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Спортшы ең алдымен қазақстандықтарға қолдау білдіргені үшін алғыс айтып, жалған ақпаратқа сенбей, өзіне сенім артқандарға ризашылығын жеткізді.
Михаил Шайдоровтың айтуынша, ол 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алып, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері нормативін орындаған. Алайда осы күнге дейін тиісті куәлікті алмағанын мәлімдеді.
— Бұл жерде салтанатты рәсім маңызды емес. Құжатты пошта арқылы алсам да жеткілікті. Бірақ ол — менің он жылдық еңбегімнің нәтижесі, — деді спортшы.
Сондай-ақ ол Олимпиада жүлдесіне байланысты берілетін сыйақыларға қатысты ешқандай шағымы жоғын айтты. Оның сөзінше, бұл рәсім уақытты талап етеді және жұмыс жүріп жатқанына сенімді.
Өмір бойы төленетін төлемдер туралы пікір білдірген спортшы қазіргі таңда мұндай төлемдерді алуға құқығы жоғын атап өтті. Себебі оған кемінде 20 жыл еңбек өтілі қажет, ал қазір жасы небәрі 21-де.
Шайдоров жалақы мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, ол және командасы Спортты қолдау қорының қаржыландыруды қарастыруына байланысты соңғы бес ай бойы жалақы алмаған.
Сонымен қатар спортшы 2026 жылға арналған келісімшарттағы бір тармаққа қатысты келіспеушілік туғанын айтты. Құжатта 2030 жылғы Олимпиададан медаль жеңіп алу міндеті көрсетілген.
— 2026 жылғы келісімшартта 2030 жылғы Олимпиадаға қатысты міндеттеменің болуы қисынсыз. Біз тек осы тармақты заңгерлермен қайта қарауды сұрадық, — деді ол.
Спортшы жаңа маусымға дайындық мәселелері де ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалғанын жеткізді. Оның айтуынша, 5 маусымға жоспарланған оқу-жаттығу жиындары бойынша бірнеше рет хабарласқанымен, нақты жауап болмаған.
— Ақпан айынан бері тіпті дәрігерім де жоқ, — деді Михаил Шайдоров.
Ол егер маусымға қажетті қаржыландыру толық шешілсе, төленбей қалған жалақысын Балаларды қорғау күніне орай балаларға көмек көрсетуге бағыттайтынын мәлімдеді.
— Бұл мені қолдап жүрген қазақстандықтар атынан балаларға арналған сыйлық болсын, — деп жазды спортшы.