Меркіде көз жұмған келіншектің қайын сіңлісі сынға ұшырады

Меркіде көз жұмған келіншектің қайын сіңлісі сынға ұшырады
Коллаж: әлеуметтік желі

Меркіде көз жұмған 19 жастағы Мадинаның өліміне қатысты қоғамдағы талқылау әлі де басылған жоқ. Бұл жолы әлеуметтік желіде марқұмның қайын сіңлісіне қатысты түрлі ақпарат тарады, деп хабарлайды ult.kz.

Журналист Жан Ахмадиев Мадинаның анасымен бірге марқұмның қайын жұртына барып, қызының жеке заттары мен киімдерін алып кетпек болған. Алайда сол жерде екі тарап арасында түсініспеушілік болған.

Әлеуметтік желіде тараған видеода Мадинаның қайын сіңлісі заттарды алып кетуге байланысты дауыс көтеріп, «затты әкетіңдер» деген сөз айтқаны естіледі. Кадрда бұған қоса «қалың мал бергенбіз» деген сөз де айтылған. Видео желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды.

Осыдан кейін журналист Руслан Өтепбайға Мадинаны бұрыннан танитын әйел хабарласқан. Оның айтуынша, былтыр наурыз айында ол Мадинамен гинекология бөлімінде бір палатада жатқан.

Хат авторы сол кезде Мадинаның жүкті болғанын және жүктілігіне байланысты ауруханада жатқанын жазған. Әйелдің сөзінше, Мадина оған күйеуінің жиі қол көтеретінін айтып, отбасындағы жағдайына шағымданған.

«Күйеуім не болса да ұра береді» деп жылағанын айтқан хат авторы Мадинаның қайын сіңлісі де отбасындағы жанжалдарға араласатынын жеткізген. Сол кезде ол Мадинаға зорлық-зомбылыққа шыдамауға және қауіп төнген жағдайда күйеуімен бірге тұрмауға кеңес бергенін жазған.

Сонымен қатар хатта Мадинаның әкесі жоқ екенін де сол әйелге айтқаны көрсетілген. Алайда Мадина бұл жағдайды айналасындағыларға білдіргісі келмей, әкесі бар екенін және жұмыс бабымен кеткенін айтатыны жазылған.

Айта кетейік, хатта айтылған жайттар әзірге ресми түрде расталған жоқ.