Freedom Inside '26

«Мен үшін ол жай ғана пациент емес еді»: Дәрігер Ербаянмен қоштасты

«Мен үшін ол жай ғана пациент емес еді»: Дәрігер Ербаянмен қоштасты
Ашық дереккөзден

Әскерде Отан алдындағы борышын өтеу кезінде ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт ем қабылдағаннан кейін өмірден өткен 24 жастағы Ербаян Мұхтардың реабилитолог-дәрігері әлеуметтік желіде тебіреніске толы жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz kznews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.

Ербаянның оңалу процесіне қатысқан реабилитолог Ұлпан Советбекқызы марқұмның өмірге деген құштарлығы мен қайсар мінезін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жас сарбаз соңғы сәтіне дейін сауығып кетуге үмітін үзбеген.

«Ербаянның жанарында үміт бар еді. Сауығып кетуге, болашаққа, өмірге деген үміт. Болған жағдайдың қайғысы мен әділетсіздігін сөзбен жеткізу өте қиын. Мен оның ғана емес, жақындарының да жан азабын көрдім. Әрбір кішкентай жетістік бізге қуаныш сыйлайтын. Біз жоспар құрдық, сендік, үміттендік. Бірақ тағдыр басқаша шешті...» – деп жазды дәрігер.

Маманның сөзінше, Ербаян емдеу кезеңінде ерекше төзімділік танытып, айналасындағыларға рухының мықтылығын дәлелдей білген.

«Ербаян, сен өте қайсар, батыл, мейірімді әрі жарық жан едің. Соңына дейін күрестің және нағыз рух күшінің қандай болатынын көрсеттің. Мен үшін сен жай ғана пациент емес едің. Күн сайынғы еңбегіміз сенің бір күні қайтадан аяққа тұрып кететініңе деген ортақ үмітпен өтетін. Өкінішке қарай, бұл арман орындалмады», – деді ол.

Жазба соңында дәрігер Ербаянның қазасын қабылдау өзіне де ауыр тигенін айтып, оның енді ауырсыну мен азаптан ада тыныштық тапқанына сенгісі келетінін жеткізді.

«Бүгін жүрегімде үлкен бос кеңістік қалды. Сенің енді арамызда жоқ екеніңді қабылдау өте ауыр. Бірақ қазір сен ауырсыну мен азаптан ада жерде тыныштық таптың деп сенгім келеді... Құшақтадым сені», – деп түйіндеді реабилитолог.