Freedom Inside '26

Мемлекет басшысы Үкіметке денсаулық сақтау нысандарын жаңғыртуды тапсырды

Мемлекет басшысы Үкіметке денсаулық сақтау нысандарын жаңғыртуды тапсырды
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еліміздің барлық денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізіп, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуды тапсырды, деп хабарлайды ult.kz.

Ақордада өткен Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты жиында Президент «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының алғашқы кезеңі табысты жүзеге асырылғанын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, 2023 жылдан бері елімізде 655 жаңа бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынған. Сонымен қатар биыл 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары толық аяқталады.

«Бұл азаматтарды тұрғылықты жерде сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елорда мен өңірлерде мамандандырылған ғылыми институттар, көпбейінді ауруханалар, заманауи емханалар және перинаталдық орталықтар салынып жатқанын айтты.

Соған қарамастан, денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылым мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Президенттің мәліметінше, елімізде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен 14 мыңнан астам нысан әлі күнге дейін халыққа қызмет көрсетуде.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке денсаулық сақтау жүйесіндегі ескірген нысандарды кезең-кезеңімен жаңартып, олардың материалдық-техникалық мүмкіндіктерін күшейту жөнінде нақты тапсырма берді.

Президенттің пікірінше, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және азаматтардың заманауи медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.