Мемлекет басшысы «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында сөз сөйледі, деп хабарлайды ult.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Щучинск қаласында өтіп жатқан «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты.
«Айбын-2026» бағдарламасына әскери-спорттық, интеллектуалдық, шығармашылық және әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстар енді. Биылғы жиын Қазақстанның бірнеше аймағынан, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен келген 50-ден астам команданың басын қосты.
Мемлекет басшысы бұл өскелең ұрпақтың рухын шыңдайтын, оларды отаншылдыққа тәрбиелейтін өте маңызды іс-шара екенін атап өтті.
– Байрақты бәсекеде еліміздің ең мықты, ең жігерлі жас сарбаздары лайықты өнер көрсетті. Сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген достас, бауырлас мемлекеттердің жастары бақ сынады. Бүгін мен бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, патриот болу дегеніміз – мемлекеттің саясаты мен стратегиясын іс жүзінде қолдау, ел игілігіне үлес қосу, туған жердің тағдыры үшін жауапкершілік алу.
– Біз Қарулы күштерді дәйекті түрде жаңғыртуды қолға алдық. Армияға және әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен даярлықтың озық стандарттары белсенді түрде енгізілуде. Біздің негізгі міндетіміз – кәсіби деңгейі жоғары әскерилерді тәрбиелеудің тиімді жүйесін қалыптастыру, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына баса мән беретінін жеткізді.
– Әскер қатарындағы қызмет шынайы патриоттарды тәрбиелейтін маңызды, тіпті, басты мектепке айналғаны жөн. Дәл осы себепті әскери дәстүрлерді «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» қағидатына сай жаңғырту жөніндегі бастамаға қолдау білдірдім. Бұдан былай әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату секілді үш кезең мемлекеттік протокол тәжірибесіне сәйкес жаңа форматта, ерекше салтанатпен ұйымдастырылады. Мұндай есте қаларлық рәсімдер аталған іс-шаралардың мән-маңызын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады. Сонымен қатар жастар арасында және жалпы қоғамда әскердің беделін айтарлықтай көтереді, – деді Мемлекет басшысы.