Freedom Inside '26

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёевамен кездесті, деп хабарлайды ult.kz.

Кездесу барысында Президент Саида Мирзиёеваның сапары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңдеуі Орталық Азиядағы тұрақтылық пен өңірлік ықпалдастықты күшейтуге ықпал етеді.

– Қазақстан да, Өзбекстан да өңірдегі ірі мемлекеттер. Бүгінде екі ел де дамудың маңызды кезеңінен өтіп жатыр. Бізге бейбітшілік пен қауіпсіздік қажет. Сонда ғана реформаларды табысты жүзеге асыра аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ 2026 жылдың Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын еске салып, Өзбекстанның осы бағыттағы жетістіктеріне жоғары баға берді.

– Әлем жасанды интеллектіні дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Біз де заман талабынан қалмай, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Саида Мирзиёева Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің сәлемін жеткізіп, Қазақстанмен көпжақты ынтымақтастықты дамыту Ташкент үшін маңызды басымдықтардың бірі екенін айтты.

– Өзбекстан мен Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық пен орнықты даму жолында бірлесіп жұмыс істеп келеді. Қазақстан – біздің сенімді серіктесіміз әрі одақтасымыз, – деді ол.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде пікір алмасты.