Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық атақты боксшы Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс даңқы залына ресми түрде жазылуына байланысты құттықтау жолдады.
Президент бұл оқиғаны тарихи жетістік деп атап, оның аты аңызға айналған спортшының әлемдік бокстағы орны мен беделін тағы бір мәрте дәлелдейтінін айтты.
«Бұл тарихи уақиға аты аңызға айналған отандасымыздың жаһандық спорттағы қолтаңбасы айрықша маңызға ие екенін айғақтайды. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы шынайы келбеті мен беделін қалыптастыруға қосқан елеулі үлесін көрсетеді», – делінген құттықтауда.
Мемлекет басшысының пікірінше, Геннадий Головкин – Қазақстанның мақтанышы әрі халықаралық спорт қоғамдастығындағы маңызды елшілерінің бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің үздік боксшыларының бірі саналатын Головкиннің жетістіктері жас спортшыларға шабыт беріп, оларды жаңа биіктерді бағындыруға жетелей беретініне сенім білдірді.