Freedom Inside '26

Мемлекет басшысы Аида Балаеваны қабылдап, мәдениет пен әлеуметтік саясатты күшейту жөнінде тапсырма берді

Мемлекет басшысы Аида Балаеваны қабылдап, мәдениет пен әлеуметтік саясатты күшейту жөнінде тапсырма берді
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәдениет, ақпарат және әлеуметтік саясат салаларында жаңа Конституция ережелерін жүзеге асыру барысы, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс сапасын көтеруді көздейтін мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары баяндалды, деп хабарлайды ult.kz.

Аида Балаева заңнаманы жаңа Ата заңға сәйкестендіру, мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру, цифрлық кеңістікті ілгерілету, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ отбасы және жастар саясаты, волонтерлік қызмет пен қоғамдық бақылау салаларында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.

Сондай-ақ жаңа білім, ғылыми-ағартушылық және шығармашылық нысандарын құру, дәстүрлі өнерді қолдау мен білікті маман даярлау бағыттарында еліміздің мәдени инфрақұрылымын жандандыру жөніндегі ұсыныстарды жеткізді.

Кездесу барысында мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелеріне айрықша назар аударылды. 

А. Балаева білім, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, спорт және туризм салаларын өркендету жайында әңгімеледі. 

Сонымен қатар ведомствоаралық ықпалдастықты күшейтуге, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, адами капиталды дамытуға, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге және әлеуметтік сала инфрақұрылымын қалыптастыруға ерекше мән берілді.

Президент мәдениет, ақпараттық саясат, оқу-ағарту, әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау сияқты маңызды салалардағы Үкіметтің атқарған жұмысы туралы Премьер-министр орынбасарының ақпаратын оң бағалады. 

Мемлекет басшысы өзекті әлеуметтік мәселелерді жедел шешу үшін тиісті ведомстволар жұмысын одан әрі жандандыру қажет екеніне назар аударды.