Мектептердің қателігі: ШҚО-да жүздеген мұғалімнің дербес дерегі ашық жарияланған

Мектептердің қателігі: ШҚО-да жүздеген мұғалімнің дербес дерегі ашық жарияланған
baq.kz

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында 600-ден астам педагогтың дербес деректері мемлекеттік сатып алу порталында жарияланып кеткен. Прокуратура заңбұзушылықтың жолын кесіп, заңсыз орналастырылған ақпаратты өшіртті, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, ауданның мектептері мен балабақшалары қызметкерлерді міндетті медициналық тексеруден өткізуге қатысты мемлекеттік сатып алу туралы хабарландыру жариялаған. Алайда конкурс құжаттарына қызметкерлердің толық тізімі қоса тіркелген.

Соның салдарынан педагогтардың толық анкеталық мәліметтері, атқаратын лауазымдары, тұрғылықты мекенжайлары мен байланыс телефон нөмірлері көпшілікке қолжетімді болып, құпия ақпараттың таралу қаупі туындаған.

Прокуратураның араласуынан кейін заңбұзушылық толық жойылып, 611 қызметкердің заңсыз жарияланған жеке мәліметтері порталдан өшірілді.

Аталған дерек бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.