Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Сталкинг пен некеге мәжбүрлеудің алдын алу: заңнама, қорғау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл» тақырыбында дөңгелек үстел өтуде, деп хабарлайды ult.kz.
Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдері, сондай-ақ заңгерлер, құқық қорғаушылар мен сарапшылар қатысуда.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева сталкинг пен некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасы алғаш рет 2023 жылы көтерілгенін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының бірқатар комитеттері де алаңдаушылық білдірген.
Омбудсменнің айтуынша, өткен жылдың 16 шілдесінде Президент қол қойған заң аясында Қылмыстық кодекске некеге мәжбүрлеу үшін жауапкершілік көздейтін 125-1-бап енгізілді.
«Қабылданған норманың ерекшелігі – ол тек қыз алып қашу фактілерін ғана емес, некеге мәжбүрлеудің өзге де түрлерін қамтиды. Атап айтқанда, күш қолдану қаупі, мүлікті жоюмен қорқыту немесе бопсалау арқылы некеге мәжбүрлеу әрекеттері үшін жауапкершілік қарастырылған», – деді Артур Ластаев.
Ол сондай-ақ Қазақстандағы заңнаманың көршілес мемлекеттердегі ұқсас нормалардан айырмашылығы бар екенін атап өтті. Заң әйелдерді ғана емес, ер адамдарды да некеге мәжбүрлеуден қорғайды. Бұл тәсіл халықаралық стандарттарға және гендерлік теңдік қағидатына сәйкес келеді.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева қоғамның сталкингке деген көзқарасын өзгерту қажеттігіне тоқталды.
«Сталкинг – табандылықтың немесе қамқорлықтың белгісі емес. Бұл адамның жеке шекарасын, қауіпсіздікке және еркін таңдау жасауға деген құқығын бұзу. Сондықтан қоғамда қудалаудың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру маңызды», – деді депутат.
Қатысушылар жастар арасындағы профилактикалық жұмысты күшейту, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелерін де талқылауда.
Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты қазіргі уақытта әйелдердің құқықтарын қорғауға арналған ғылыми монография әзірлеп жатқанын хабарлады. Еңбекте халықаралық стандарттар, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктері, құқыққа қол жеткізу мәселелері, сондай-ақ осал топтағы әйелдердің құқықтарын қорғау тақырыптары қамтылған. Монография жақын арада аяқталып, құқық қорғау институтының ресми сайтында жарияланады.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген адвокат Айнұр Тоқаева Қылмыстық кодекстегі сталкинг туралы 115-1-бапты жетілдіру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, қазіргі редакция қудалаудың ауырлық дәрежесін, ұзақтығын және салдарын толық ескермейді.
«Сталкинг туралы қолданыстағы бап қудалаудың ауырлық дәрежесін, ұзақтығын және салдарын толық ескермейді. Сондықтан киберсталкинг, күш қолдану қаупі, бопсалау және психологиялық зардаптарға әкелген жағдайлар сияқты ауырлататын белгілерді енгізу қажет», – деді адвокат.
Сондай-ақ А. Тоқаева қыз алып қашу мен мазасыз қудалауды романтика немесе дәстүр ретінде қабылдауға болмайтынын айтып, халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.
Іс-шара аясында журналист әрі қоғам қайраткері Дана Нұржігіттің сталкинг пен психологиялық қудалау мәселелеріне арналған «Көлеңке» кітабының тұсаукесері өтті.
Дөңгелек үстелде қатысушылар сталкинг пен некеге мәжбүрлеуге қарсы күрестің тиімділігі заңнаманы жетілдірумен қатар, құқық қолдану тәжірибесін дамытуға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге және қоғамдағы профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізуге байланысты екенін атап өтті.