Матч кезінде саяси тумен алаңға шыққан көрерменге іс қозғалды

Матч кезінде саяси тумен алаңға шыққан көрерменге іс қозғалды
fdsarr.ru

Алматыдағы Орталық стадионда өткен «Қайрат» – «Ордабасы» футбол матчы кезінде алаңға саяси партияның туын көтеріп жүгіріп шыққан көрермен ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Полицияның мәліметінше, жанкүйердің әрекеті қоғамдық тәртіп пен спорттық іс-шара кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзған.

– Полиция қызметкерлері стадион күзетшілерімен бірлесіп, құқықбұзушыны бірден тоқтатты. Ол оқиға орнында ұсталып, Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілді, – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.

Аталған дерек бойынша құқықбұзушыға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материалдар соттың қарауына жолданды.

Полиция қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған кез келген әрекетке заң аясында шара қолданылатынын еске салып, спорттық іс-шараларды рұқсат етілмеген акциялар өткізу алаңына айналдыруға жол берілмейтінін мәлімдеді.

Айта кетейік, кездесу 2:1 есебімен «Қайраттың» жеңісімен аяқталды. Бұл нәтижеден кейін алматылық клуб турнирлік жағдайын жақсартып, «Ордабасы» көшбасшылық орнынан айырылды.