Мәскеуде қазақ екеніңді білсе, құрметпен қарайды - 8 жыл тұрған азаматтың жазбасы

Мәскеуде қазақ екеніңді білсе, құрметпен қарайды - 8 жыл тұрған азаматтың жазбасы
Фото: Facebook/ Нұртас Солтанұлы

Facebook қолданушысы Нұртас Солтанұлы Ресей мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынас туралы көлемді жазба жариялап, Мәскеуде өткен сегіз жылдық өмірінен естеліктерін айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Автордың айтуынша, ол Ресей астанасында ұзақ жылдар өмір сүріп, қазақтарға деген құрметті өз көзімен көрген. Оның сөзінше, Мәскеуде тұрған уақытында ұлтына немесе тіліне байланысты қысым көрмеген. Керісінше, қазақ екенін білген жандар сыйластық танытқанын атап өтті.

Сондай-ақ ол Ресейдегі қазақ студенттерінің көптігін, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың терең екенін жазған. Жазбада Мәскеудегі Абай ескерткіші, Петербордағы Жамбыл ескерткіші, сондай-ақ қазақ батырларының есімі берілген көшелер мен мектептер туралы айтылған.

Нұртас Солтанұлы Қазақстан мен Ресей арасындағы татулық пен көршілік қарым-қатынастың маңызын ерекше атап өтіп, мұндай байланысты сақтауда екі ел басшыларының рөлі зор екенін жеткізген.

Ол бұл пікірін Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға қатысты мақаласынан кейін жазғанын айтып, алдағы Астанада өтетін кездесулерге сәттілік тіледі.

Айта кетейік, 28-29 мамыр күндері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Астанада кездесіп, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы көпжақты келіссөздерге қатысады.