Марқұм досының қызына ақшалай сый берген азаматтар елдің ықыласына бөленді (ВИДЕО)

Марқұм досының қызына ақшалай сый берген азаматтар елдің ықыласына бөленді (ВИДЕО)
Коллаж: ult.kz

Желі қолданушысы Алуа Есдәулетова марқұм әкесінің достары оған баспана сатып алуға қажетті бастапқы жарнаға ақша жинап бергенін айтып, әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Алуаның айтуынша, әкесі көзі тірісінде қызының жалдамалы пәтер жағалап жүрмей, өз үйі болғанын қалаған.

«Тіпті көктен де марқұм әкем маған қамқорлығын жалғастырып жатқандай…

Әкем үнемі: “Мен үшін Алуашкамның қай жерде тұратыны маңызды. Жалдамалы пәтерлерді жағалап жүрмесе екен” деп айтатын.

Бүгін оның достары мен үшін баспана алуға қажетті бастапқы жарнаға ақша жинап берді. Бұл мен үшін қаншалықты қымбат екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Әкемнің орнын ешкім баса алмайды. Бірақ ол кісіден кейін жанымнан осындай жақсы адамдардың, достары мен жақындарының табылғаны – мен үшін үлкен демеу әрі зор жұбаныш.

Әкеме деген сүйіспеншіліктеріңіз бен құрметтеріңіз үшін, ал енді маған көрсетіп отырған қамқорлықтарыңыз және оның арманын жүзеге асыруға көмектесіп жатқандарыңыз үшін сіздерге рақмет.

Әке, мен сіздің достарыңызбен мақтанатыныңызды білемін», – деп жазды Алуа.