81 жастағы қазақ марафоншысы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр

81 жастағы қазақ марафоншысы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр
ҚР ТСМ

Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында өткен халықаралық марафонға қатысып, үздік ондыққа енген 81 жастағы марафон шебері Салтанат Түйтебаевқа «Еңбек ардагері» төсбелгісін табыстады, деп хабарлайды ult.kz.

Салтанат Түйтебаев 45 жылдық еңбек жолын білім беру саласына арнап, халықаралық аренада Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрген ардагер марафон шебері. Кездесу барысында оның қажырлы еңбегі мен спортқа деген адалдығы өскелең ұрпаққа үлгі екені атап өтілді.

«Сексеннің сеңгіріне сергек жетіп, ұзақ қашықтықтағы марафонды бағындыруыңыз – үлгі тұтарлық жетістік әрі еліміз үшін зор қуаныш. Себебі саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың жарқын көрінісі сіздің болмысыңыздан айқын байқалады. Бұған дейін де бірнеше мәрте жүлделі орындардан көрініп келесіз. Осы арқылы табандылық пен қажырлы еңбектің нақты үлгісін көрсетіп, көпшілікке өнеге болдыңыз», – деді Серік Жарасбаев.

Жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Салтанат Түйтебаев 1945 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, мектеп директоры, білім бөлімінің инспекторы және кәсіптік-техникалық училище басшысы қызметтерін атқарған.

Ардагер спортшы кейінгі жылдары халықаралық марафондарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ол Сингапур, Дубай, Доха, Анталия, Малага және Амстердам қалаларында өткен халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған.

2016 жылы Аустралияның Перт қаласында өткен әлем чемпионатында 70+ санатында күміс жүлде иеленсе, 2017 жылы Жаңа Зеландияның Окленд қаласында өткен Ардагерлер олимпиадасында чемпион атанды. Сондай-ақ 2021 жылы Нью-Йорк марафонында 75+ жас санатында екінші орын алды.