Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова Ақтөбедегі жеке концертінде 90 жасқа толған тыңдарманына 100 мың теңге сыйлады. Әншінің бұл әрекеті көрермендерді тәнті етті, деп хабарлайды ult.kz.
Концерт барысында тыңдармандардың бірі сахнаға жақындап, 90 жасқа толған анасын әншінің концертіне арнайы ертіп келгенін айтқан. Мұны естіген Мақпал Жүнісова қарияны туған күнімен құттықтап, оған 100 мың теңге ақшалай сыйлық тарту етті.
Әншінің бұл сәтін залда отырған көрермендердің бірі видеоға түсіріп алған. Кейін бейнежазба әлеуметтік желіде тарады.
Желі қолданушылары өнер иесінің жомарттығына тәнті болып, жылы пікірлерін қалдырды.
«Жомарт десе, жомарт қой. Мақпал апай, аман болыңыз!», «Пейілі кең адам ғой», «Бұл кісі осындай жомарттығымен ерекше», «Не деген жомарттық, аман болыңыз», – деп жазды олар.
Айта кетейік, танымал әнші Мақпал Жүнісова үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізген құрылысшыларға наразылығын білдірді. Өнер иесінің айтуынша, үйге жөндеу жасалғанына әлі бір жыл толмағанымен, қабырғалары түсіп, құрылыс сапасына қатысты мәселе туындаған.
Мақпал Жүнісова кім?
Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасының белгілі әншісі, Қазақстанның халық әртісі және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1964 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Теректі ауылында дүниеге келген.
Өнер иесі А. Жұбанов атындағы қазақ музыкалық мектеп-интернатында қобыз сыныбында білім алған. Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Мақпал Жүнісова шығармашылық жолын «Гүлдер» ансамблінде халық әндерін орындаудан бастаған. Кейін «Қазақконцерт» жанынан «Назерке» ансамблін ұйымдастырған. Оның репертуарында халық әндерімен қатар қазақ композиторларының шығармалары бар.
Әншінің орындауындағы «Ғашық жүрек», «Қыз ғұмыр», «Фариза қыз», «Қоштасу» секілді әндер көпшілікке кеңінен танымал.
Мақпал Жүнісова – марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің жары болған.

2026 жылы әнші 62 жасқа толды. Қазір де шығармашылықпен айналысып, жеке концерттерін өткізіп жүр.