Желіде қазақстандық танымал маньяк әрі каннибал Николай Жұмағалиевке ұқсайтын ер адамның жабық психиатриялық ауруханадағы жасырын видеосы таралды, деп хабарлайды ult.kz.
Алматы облысы Ақтас кентіндегі емханада түсірілген болуы мүмкін кадрларда ол өзін камераға түсіріп жатқанын білмейді.
Әңгіме барысында Жұмағалиев журналистерге сұхбат беруден қорқатынын, себебі басшылық «тілін байлайтын» арнайы екпе салып тастауы мүмкін екенін айтады. Ол мекеме ішіндегі жемқорлық пен адам өлтіру фактілерін әшкерелеген. Каннибалдың сөзінше, кейбір қызметкерлердің «қолы қанға малынған» және олар науқастарды екпе арқылы әдейі өлтіреді.
Бұдан бөлек, видеода ауруханадағы құнарсыз тамақ (науқастарға тиесілі етті қызметкерлер үйіне таситыны), 1972 жылдан бері ауыстырылмаған жиһаз, емделушілерді тек қаржыландыруды үзбес үшін себепсіз ұстау, тіпті Қазақстандағы заңсыз алтын өндіру мен Дональд Трамптың реформаларына дейін талқыланады.
Бұл мәлімдемелер бойынша денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолданды.
Еске салайық, 10-нан астам әйелді өлтіріп, қанын ішіп, етін жеген Жұмағалиевке кезінде шизофрения диагнозы қойылған. Ол тоқсаныншы жылдардан бері Ақтастағы жабық жындыханада жатыр.