Freedom Inside '26

Маңғыстаудан сенсациялық олжа: Қытай мен Византияның 2 мың жылдық теңгелері табылды

Маңғыстаудан сенсациялық олжа: Қытай мен Византияның 2 мың жылдық теңгелері табылды
Gov.kz

Маңғыстау облысындағы Қарақабақ қалашығында жүргізілген археологиялық зерттеулер Қазақстан аумағының ежелгі халықаралық сауда жүйесіндегі рөлі туралы тың деректерді ашты, деп хабарлайды ult.kz.

Ғалымдар қалашықтан Қытай, Византия, Парфия және Сасанидтік Иранға тиесілі 150-ден астам көне тиын тауып, бұл өңірдің екі мың жыл бұрын-ақ ірі сауда орталығы болғанын анықтады.

Археологтардың айтуынша, Каспий теңізі жағалауындағы Қарақабақ біздің заманымыздың I-VI ғасырларында өмір сүрген ірі өндірістік-қолөнер және сауда орталығы болған. Қазба жұмыстары кезінде металлургия, зергерлік өнер, шыны және қыш өндірісінің жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейтін көптеген артефакт табылған.

Ең құнды олжалардың бірі – I ғасырдан VI ғасырдың алғашқы жартысына дейінгі кезеңге жататын 150-ден астам тиыннан құралған коллекция. Оның құрамында Парфия, Ежелгі Хорезм, Бұхара Соғдысы, Кушан-Сасанид мемлекеті, Византия империясы мен Қытайдың ақшалары бар.

Археолог Андрей Астафьевтің сөзінше, бұл деректер Қарақабақтың өз дәуірінде халықаралық сауда-экономикалық байланыстардың маңызды қатысушысы болғанын көрсетеді.

Зерттеушілер бұдан да қызықты болжам ұсынды. Олардың пікірінше, Маңғыстау арқылы Ұлы Жібек жолының бұрын белгісіз болып келген тармағы өткен болуы мүмкін. Сонымен қатар ғалымдар ғылыми айналымда бұрын кездеспеген Азов-Каспий сауда дәлізінің болғанын дәлелдейтін айғақтар тапқан.

Табылған материалдар Қарақабақтың Солтүстік Кавказ, Азов маңы, Еділ бойы, Оңтүстік Орал, Орта Азия және Таяу Шығыс елдерімен тығыз байланыста болғанын көрсетеді. Бұл жаңалық Маңғыстаудың тек өңірлік емес, халықаралық деңгейдегі маңызды сауда торабы болғанын айғақтайды.

Жуырда қалашық аумағынан тағы бір құнды жәдігер – біздің заманымыздың VI ғасырына жататын көне құмыра табылды. Ғалымдар артефактіні зерттеу ежелгі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен қолөнер дәстүрлері туралы жаңа мәліметтер беретінін айтады.

Сондай-ақ зерттеушілер Қарақабақ ежелгі грек ғалымы Клавдий Птолемей картасында белгіленген жұмбақ Аспабота қаласының орны болуы мүмкін деген нұсқаны да қарастырып жатыр.

Мамандардың бағалауынша, Қарақабақтағы жаңалықтар Қазақстанның ежелгі құрлықаралық сауда жолдарындағы орны туралы түсінікті түбегейлі өзгертіп, Ұлы даланың әлемдік өркениетпен байланысын жаңа қырынан танытуы мүмкін.