Маңғыстауда қызды тізерлетіп қойып, ұрып-соққан: ата-анасы жауапқа тартылды

Маңғыстауда қызды тізерлетіп қойып, ұрып-соққан: ата-анасы жауапқа тартылды
видеодан скриншот

Маңғыстау облысында кәмелетке толмаған қызды бірнеше жасөспірімнің ұрып-соққаны түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды ult.kz NUR.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.

Желіде жарияланған кадрлардан қыздың тізерлеп отырғаны, ал кемінде үш қыздың оны қолымен және аяғымен беті мен денесінің басқа бөліктерінен ұрғаны көрінеді.

Маңғыстау облысының Полиция департаменті оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталғанын хабарлады. Олар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілген.

Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандармен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізген.

Оқиғаның мән-жайы жан-жақты тексеріліп, қажетті материалдар мен түсініктемелер жиналған. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және оқыту міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары сотқа жолданған.

Сонымен қатар материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жіберілді. Жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылған.

Полиция олардың өздерімен және отбасыларымен профилактикалық жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.