Маңғыстау облысының Жетібай ауылындағы «Жауқазын» балабақшасында тәрбиеленуші кеңсе пышағынан жарақат алды. Оқиға 20 сәуірде болғанымен, оның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін жұртшылық назарына ілікті, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, тынығу уақытында балабақша директорының ұлы «Көгершін» тобына кіріп, ұйықтап жатқан балаларды оятқан. Соның салдарынан тәрбиеленушілердің бірі кеңсе пышағынан жарақат алған.
Оқиға кезінде топ бөлмесінде тәрбиеші мен оның көмекшісі болмаған. Бейнежазба жарияланғаннан кейін білім басқармасы тексеру жүргізіп, кадрларда көрсетілген жайттың рас екенін растады.
Тексеру нәтижесінде топ тәрбиешісінен түсініктеме алынып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Аудандық білім бөлімінің 2026 жылғы 13 мамырдағы бұйрығымен балабақша директорымен еңбек шарты бұзылды.
Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйым директоры мен топ тәрбиешісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды.