223 млн теңге дауы: Маңғыстауда ауруханаға байланысты үш адам қамалды

223 млн теңге дауы: Маңғыстауда ауруханаға байланысты үш адам қамалды
Қаржылық мониторинг агенттігі

Маңғыстау облысында Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына күйік бөлімшесін ашуға бөлінген 223 млн теңге демеушілік қаражатты жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, іске аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім беруші компания өкілі қатысы бар деп күдікке ілінген. Қазіргі таңда үш күдікті қамауға алынған.

2025 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ демеушілік ретінде бөлген 223 млн теңге «ӨзенМұнайГаз» АҚ арқылы «Жарылқау» қорына аударылған. Бастапқыда бұл қаражатқа сегіз түрлі медициналық жабдық сатып алу жоспарланған. Алайда кейін келісімшарт өзгертіліп, 210 млн теңгеге небәрі екі арнайы кереует сатып алу туралы шарт жасалған.

Тергеу нұсқасы бойынша, сатып алу Бірыңғай дистрибьюторды айналып өтіп, заң талаптарын бұза отырып жүргізілген. Жабдыққа іс жүзінде 92 млн теңге жұмсалып, қалған қаражат үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Тергеу мәліметіне сәйкес, «AKBS Invest» ЖШС өкілі қылмыстық жолмен алынған ақшаға Астанадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген.

Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, оның ішінде үш пәтерге, екі тұрғын үйге және автокөлікке тыйым салынды.

Сонымен қатар Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану дерегімен тергеу басталды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.