2026 жылғы 19 маусым күні Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында қазақтың көрнекті әншісі, Қазақстанның халық әртісі Манарбек Ержановтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Сайра бұлбұл» атты мерейтойлық концерт өтеді, деп хабарлайды ult.kz.
Концерттік бағдарламада ұлт өнерінің көрнекті өкілі Манарбек Ержановтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы музыкалық туындылар арқылы жан-жақты ашылып, оның қазақ кәсіби ән өнерінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі кеңінен насихатталмақ.
Кеш барысында қазақтың дәстүрлі ән өнерінің жауһарлары мен халық композиторларының таңдаулы шығармалары орындалып, көрермен қауым әншінің шығармашылығымен танысады.
Мерейтойлық концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Құмарбек Қалқатай, Медет Салықов, Нұрболат Арзамасұлы, «Құрмет» орденінің иегері Клара Төленбаева, белгілі күйші Қайрат Айтбаев, «Astana sazy» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі және өзге де танымал өнерпаздар қатысады.
«Сайра бұлбұл» концерті – қазақ ән өнерінің көрнекті өкілінің шығармашылық мұрасын ұлықтауға және ұлттық музыкалық құндылықтарды келер ұрпаққа насихаттауға бағытталған тағылымды мәдени шара.