Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) некенің шариғаттағы негізгі шарттарын түсіндіріп, екі тараптың өзара келісімі неке қиюдың басты талабы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
ҚМДБ мәліметінше, екі жақтың разылығы болмаса, неке заңсыз әрі дұрыс болып есептелмейді. Сонымен қатар, неке қию кезінде үйленуші тараптардың ұсынысы мен келісімі анық айтылып, бір уақытта және бір жерде жария етілуі қажет.
Діни басқарма некенің бірнеше негізгі шарты бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, қыздың ата-анасының немесе шариғи қамқоршысының рұқсаты болуы, неке қию рәсіміне талапқа сай куәгерлердің қатысуы, қалыңдыққа берілетін мәһрдің белгіленуі және некеге кедергі келтіретін туыстық немесе діни себептердің болмауы міндетті.
"Мәһр – ер адамның неке қиылу барысында қалыңдыққа өз ризашылығымен беретін шариғи сыйы. Ханафи мәзһабында мәһрдің ең төменгі шегі 10 дирхам. Сахабалар өмір сүрген заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Бұл қазіргі өлшеммен 4,25 грамм алтын немесе соған тең келетін ақшалай қаражатқа (нарықтағы құнына) сәйкес келеді. Мәһрдің мөлшерін ер азаматтың материалдық мүмкіндігіне қарап, отбасының әлеуметтік жағдайын ескере отырып айтқан жөн. Өйткені мәһр күйеу жігітті қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін қалдыратындай аз болмауы керек. Мәһрді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала (мәһр муғажжәл) беріп, қалғанын кейін (мәһр муәжжәл) беруі", - делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
Сондай-ақ діни басқарма халқымыз мұндай талаптар сақталған некені «адал неке» немесе «ақ неке» деп атағанын еске салды.
Бұған қоса, ҚМДБ соңғы жылдары қоғамда «азаматтық неке» атауымен ешқандай заңдық немесе шариғи рәсімсіз бірге тұрудың көбейіп келе жатқанына назар аударды. Діни басқарманың мәлімдеуінше, мұндай уақытша қатынастар ислам дінінде де, қазақтың ұлттық дәстүрінде де құпталмайды.