Қазақстанда спорт саласындағы реформалардың алғашқы нәтижелері жарияланды. Реформа аясында 8 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген, деп хабарлайды ult.kz.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, үнемдеуге кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруға лимит енгізу және легионерлерді бюджет есебінен қаржыландырудан бас тарту ықпал еткен.
Үнемделген қаражат аясында балалар спортын қолдауға да көбірек көңіл бөлінген. Спорт мектептеріндегі бір тәрбиеленушіге жыл сайын бөлінетін қаржы 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін артқан. Яғни, балалар спортына бөлінетін қаржы екі есеге жуық өскен.
Сонымен қатар спорт мектептеріндегі жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 30%-ға артқан. Қазіргі таңда 3 511 жаттықтырушы-оқытушы тиісті тестілеуден өткен.
Министрлік спорт ұйымдарын басқару жүйесінде де өзгерістер болғанын атап өтті. 2025 жылғы қыркүйектен бастап басшыларды ротациялаудың бірыңғай тәртібі енгізіліп, спорт ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау ашық конкурс арқылы жүзеге асырыла бастаған.
Бүгінде 112 тағайындаудың 86-сы немесе 76%-ы конкурс нәтижесінде жүргізілген.
Ведомствоның мәліметінше, реформалардың негізгі мақсаты – бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, балалар спорты мен спорт резервін дамытуға және спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдауға басымдық беру.