Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына негізсіз жоғары баға белгілеген кәсіпкерлер анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Қарағанды облысында азық-түлік бағасын қалыптастыру кезінде бірқатар заң бұзушылық анықталды. Тексеру барысында кейбір кәсіпкерлердің әлеуметтік маңызы бар тауарларға белгіленген шекті сауда үстемесін бірнеше есе асырып жібергені белгілі болды.
Мәселен, Қарағандыдағы дүкендердің бірінде келісі 205 теңгеден сатып алынған күріш 556 теңгеден сатылған. Осылайша, тауарға 160%-дық сауда үстемесі қосылған. Кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, күріштің бағасы 235 теңгеге дейін төмендетілді.
Тағы бір жағдайда қатты ірімшіктің сатып алу бағасы 3 353 теңге болғанымен, ол сауда желісіне 5 517 теңгеден жеткізілген. Сауда үстемесі 64%-ды құраған. Тексеруден кейін өнімнің бағасы 3 855 теңгеге дейін түсіріліп, 1 662 теңгеге арзандады.
Қара шайдың бағасынан да заң бұзушылық анықталған. Кәсіпкер 472 теңгеге сатып алған өнімін 1 079 теңгеден сатқан. Яғни сауда үстемесі 130%-ға жеткен. Әкімшілік шара қолданылғаннан кейін шайдың бағасы 496 теңгеге дейін төмендетілді.
Ал тауық фаршы 1 655 теңгеге сатып алынып, 2 400 теңгеден сатылған. Тексеру нәтижесінде оның бағасы 1 903 теңгеге дейін түсірілді.
Жыл басынан бері Қарағанды облысында сауда саласындағы заңнаманың сақталуына қатысты 170 кәсіпкерлік субъектісі тексерілген. Оның 155-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 4 млн теңгеден асты.
Жауапқа тартылғандардың арасында сауда базарларындағы 44 көтерме жеткізуші мен 11 көтерме-бөлшек сауда дүкені бар. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,6%-ға көп. 2025 жылы осы уақытта 111 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Тексеру кезінде тек азық-түлікке белгіленетін сауда үстемесі ғана емес, бақылау-касса машиналарын пайдалану, баға белгілерінің болуы, өнімдерді таңбалау және өткізу талаптары да қаралған.
Департамент мәліметінше, анықталған заң бұзушылықтардың барлығы жойылып, тауар бағалары төмендетілген.
Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мониторинг жүргізу, негізсіз делдалдық буындарды анықтау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жұмыстары жалғасып жатыр.