Өзбекстанда келіншекті сәбиімен бірге қорада ұстаған күйеуі мен туыстары сотталды, деп хабарлайды ult.kz.
Өзбекстанның Сурхандария облысында келіншекті бес айлық сәбиімен бірге бірнеше ай бойы мал қорасында заңсыз ұстап, қорлаған отбасы мүшелеріне сот үкімі шықты.
Тергеу мәліметінше, оқиға 2025 жылдың тамызында Ұзын ауданында болған. Ер адам бірге тұратын әйелін үйіне алып келген кезде ол жүктіліктің алтыншы айында болған. Алайда оған үйленудің орнына, күйеуі мен туыстары әйелді бостандығынан айырып, мал қорасына қамап қойған.
Сот материалдарына сәйкес, жәбірленуші сөйлеу қабілетінде ақауы болғандықтан, өзгелерден көмек сұрай алмаған. Қораның есігі сыммен байланған, әйел жиі байлаулы күйде ұсталып, жүйелі түрде соққыға жығылған әрі тамақтан қағылған. Амалсыз ол қарбыз қабығы мен мал азығын жеп күнелткен.
Әйел дәл сол қорада ешқандай медициналық көмексіз босанып, сәбиін дүниеге әкелген. Екі күннен кейін нәрестені анасынан тартып алып, әйелді қайтадан қораға қамап қойған. Кейін көршілердің күдігі негізінде жағдай әшкереленіп, жәбірленуші құтқарылған.
Іс бойынша күйеуі, оның анасы және тағы екі туысы сот алдында жауап берді. Сот негізгі айыпталушыны 13 жылға бас бостандығынан айырды. Тағы екі әйел 9 жылға сотталса, енесіне 5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Олар заңсыз бас бостандығынан айыру, отбасылық зорлық-зомбылық, адам саудасына оқталу және өзге де ауыр баптар бойынша кінәлі деп танылды.