Көкшетауда жүргізуші куәлігі жоқ әйел көлікпен жаяу жүргіншіні қағып, оның өліміне себепкер болғаны үшін 2 жыл 6 айға сотталды. Алайда сот оның екі кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, жазаны өтеу мерзімін үш жылға кейінге қалдырды, деп хабарлайды ult.kz.
Қайғылы оқиға мамыр айында тұрғын үй аулаларының бірінде болған. Тергеу мәліметінше, әйел көлікпен аулаға бұрылып келе жатып жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ауыр жарақат алған 52 жастағы әйел кейін ауруханада көз жұмды. Белгілі болғандай, марқұм 12 жастағы қызын жалғыз тәрбиелеп келген.
Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, күйеуінің денсаулығына байланысты және оның рұқсатымен көлік тізгініне отырған. Алайда оның жүргізуші куәлігі болмаған.
Сот үкім шығарғанда айыпталушының бұрын сотталмағанын, әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, жасаған ісіне өкінгенін және моральдық шығынды өтегенін назарға алды. Сондай-ақ марқұмның туыстары да оны бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Бұдан бөлек, жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлік басқаруға рұқсат бергені үшін сотталушының жұбайына қатысты да тергеу жүргізіліп жатыр.