Түркістан облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында кәмелетке толмаған жасөспірімнің автокөлік басқарғанын анықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz жазуынша, тексеру нәтижесінде Toyota маркалы көліктің тізгінінде жүргізуші куәлігі жоқ жасөспірім отырғаны белгілі болды. Полиция мәліметінше, оның әкесі ұлының көлік жүргізуге құқығы жоқ екенін біле тұра, автокөлікті басқаруға рұқсат берген.
Анықталғандай, әкесі жасөспірімді көлікпен дүкенге жұмсаған.
Оқиғаға байланысты кәмелетке толмаған жасөспірім мен оның заңды өкілдеріне қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды. Ал көлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Тәртіп сақшылары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және кәмелетке толмағандарға көлік басқаруға жол бермеуге шақырды.
Полицияның ескертуінше, мұндай құқық бұзушылықтар жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіріп, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.