Креативті индустрия ұғымы көбіне кино, музыка, театр, сән, дизайн және қолөнермен байланыстырылады. Алайда оның ауқымы мұнымен шектелмейді. Ақпараттық технологиялар, бағдарламалық қамтамасыз ету, ойын әзірлеу, сәулет, жарнама, анимация, цифрлық модельдеу және инновациялық жобалау да осы саланың маңызды бағыттарына жатады. Яғни креативті индустрия – шығармашылық идеяны нақты өнімге, қызметке немесе экономикалық құндылыққа айналдыратын тұтас экожүйе.
Қазақстанда креативті индустрияны дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. 2021 жылы Үкіметтің №860 қаулысымен 2021–2025 жылдарға арналған креативті индустрияларды дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Құжатта саланың экономикадағы үлесін арттыру, кәсіпкерлік субъектілерін көбейту, шығармашылық бастамаларды қолдау және инфрақұрылымды дамыту міндеттері белгіленді.
2025 жылғы наурызда Үкіметтің ресми ақпаратында Қазақстанда креативті индустрия бағытында тіркелген субъектілер саны 45,5 мыңнан асқаны айтылды. Бұл салада 143,6 мың адам жұмыспен қамтылған. Креативті индустриялардың жалпы ішкі өнімдегі жалпы қосылған құн үлесі шамамен 1 пайызды құраған. Сонымен қатар субъектілердің 50 пайыздан астамы Алматы мен Астана қалаларында шоғырланған.
Креативті индустрияның технологиялық қырын дамытуда инженерлік мамандықтардың орны ерекше. Өйткені кез келген жаңа идеяны жүзеге асыру үшін оны жобалап, модельдеп, сынақтан өткізіп, нақты өнімге айналдыру қажет. Бұл үдерісте ғылыми білім мен шығармашылық ізденістің байланысы айқын көрінеді.
Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті машина жасау кафедрасының оқытушысы, PhD Бауыржан Базарбайдың пікірінше, қазіргі маман үшін ең маңызды қабілеттің бірі – ғылыми ойлауды инженерлік тәжірибемен ұштастыру.
«Машина жасау саласында теориялық біліммен қатар, нақты өндірістік мәселені көріп, оған тиімді техникалық шешім ұсыну өте маңызды. Сондықтан қазіргі заман маманы конструкторлық ойлау, цифрлық модельдеу, деректерді талдау және жаңа технологияларды тез меңгеру қабілеттерін қатар дамытуы қажет», – дейді маман.
Оның айтуынша, инженердің кәсіби дамуы үздіксіз білім алумен және тәжірибелік ізденіспен тығыз байланысты. Осы бағытта ол заманауи жобалау және модельдеу бағдарламаларын меңгеріп, халықаралық ғылыми зерттеулерді тұрақты зерделейді. Сонымен қатар машина бөлшектерінің беріктігін, тозуға төзімділігін, материалдардың қасиеттерін және өндірістік процестерді жетілдіру жолдарын зерттеп жүр.
Маман ғылыми нәтижелерді өндірістің нақты қажеттіліктерімен байланыстыруға ерекше мән беретінін айтады. Бұл – креативті индустрияның да негізгі қағидаларының бірі. Өйткені шығармашылық идеяның экономикалық құндылыққа айналуы үшін ол тұтынушының сұранысына жауап беріп, нақты мәселенің шешімін ұсынуы керек.
Бауыржан Базарбай да жасанды интеллект құралдарын ғылыми-зерттеу және оқу үдерісінде қолданатынын айтады. Оның сөзінше, AI ғылыми әдебиеттерді жүйелеуге, техникалық ақпаратты талдауға, эксперимент нәтижелерін өңдеуге және зерттеу бағытын нақтылауға көмектеседі.
«Жасанды интеллектіні ғылыми мәтіндерді талдау, есептерді құрылымдау, эксперимент нәтижелерін өңдеу, графиктер мен кестелер дайындау, бағдарламалық кодтарды тексеру және презентациялар әзірлеу кезінде пайдаланамын. Сонымен қатар ол техникалық терминдерді аударуға, халықаралық мақалаларды түсінуге және жаңа идеяларды қалыптастыруға көмектеседі», – дейді ол.
Дегенмен маман технология мүмкіндіктерін пайдалануда кәсіби жауапкершілікті ұмытпау керектігін ескертеді. Оның пайымдауынша, жасанды интеллект ұсынған ақпарат міндетті түрде тексерілуі керек. Әсіресе инженерлік және ғылыми шешімдер нақты есепке, тәжірибеге және маманның кәсіби біліктілігіне сүйенуге тиіс.
Мәселен, Бауыржан Базарбай машина жасау технологиясы, цифрлық өндіріс, автоматтандыру, 3D модельдеу, инженерлік есептеулер, ғылыми зерттеу әдістемесі және деректерді талдау бағытындағы онлайн курстар мен біліктілікті арттыру бағдарламаларына қатысып келеді. Оның айтуынша, мұндай бағдарламалар заманауи бағдарламалық құралдармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, ғылыми зерттеуді жоспарлау, техникалық ақпаратты талдау және алынған нәтижелерді сауатты ұсыну қабілетін де дамытады.
Маманның пікірінше, инженер үнемі білімін жаңартып отыруы керек. Өйткені машина жасау саласындағы технологиялар жылдам өзгеріп жатыр.
Бүгінгі жаңа шешім ертең өндірістің негізгі стандартына айналуы мүмкін.
Бұл ұстаным креативті индустрияның өзге бағыттарына да ортақ. Мысалы, анимация саласында жұмыс істейтін маман көркемдік қабілетімен бірге цифрлық бағдарламаларды меңгеруі қажет. Ойын индустриясында сценарий жазушы, суретші, бағдарламашы және дыбыс режиссері бір командада жұмыс істейді. Ал өнім дизайнында эстетикалық шешімнің техникалық тұрғыдан орындалуы мен нарыққа бейімділігі қатар ескеріледі.
Осылайша, жаңа дәуір маманының басты артықшылығы – бірнеше саланың білімін өзара байланыстыра білуі. Пәнаралық білім мен үздіксіз ізденіс шығармашылық жобалардың сапасын арттырып, оларды коммерциялық тұрғыдан тиімді өнімге айналдыруға жол ашады.
Бүгінде әлемдік экономикада табиғи ресурстар мен дәстүрлі өндірістік қуат қана емес, адам капиталы, зияткерлік меншік, тың идея мен технологиялық жаңалық та бәсекеге қабілеттіліктің басты өлшеміне айналып келеді. Бұрын экономиканың негізгі қозғаушы күші ретінде өндіріс орындары мен шикізат көздері аталса, қазір шығармашылық ойлау мен цифрлық шешімдерге негізделген жаңа салалардың маңызы артып отыр.
Бұл – креативті индустрияның экономикалық кеңістіктегі орнын айқындайтын негізгі фактор.
Шын мәнінде, креативті индустрияның басты капиталы – адамның ойы, білімі мен қабілеті. Ал сол әлеуетті дұрыс бағыттап, оны ғылыми жаңалыққа, сапалы өнімге және табысты кәсіпке айналдыру – жаңа экономиканың негізгі талабы. Сондықтан Қазақстанның креативті индустриядағы болашағы шығармашылыққа еркіндік берумен ғана емес, оны жүзеге асыратын білім мен технологиялық мүмкіндіктерді дамытуға да байланысты.