Көз жұмған 19 жастағы келіншектің қайын сіңілісі туралы тың дерек тарады

Көз жұмған 19 жастағы келіншектің қайын сіңілісі туралы тың дерек тарады
Коллаж: әлеуметтік желі

Меркіде көз жұмған 19 жастағы Мадинаның өліміне қатысты қоғамдағы талқылау әлі де жалғасып жатыр. Бұл жолы әлеуметтік желіде марқұмның қайын сіңлісіне қатысты түрлі мәліметтер тарады, деп хабарлайды ult.kz.

Журналист Жан Ахмадиев Мадинаның анасымен бірге марқұмның қайын жұртына барып, оның жеке заттары мен киімдерін алып кетпек болған. Алайда сол жерде тараптар арасында түсініспеушілік туындағаны айтылады.

Желіде тараған видеода марқұмның қайын сіңлісі заттарды алып кетуге қатысты дауыс көтеріп, «затты әкетіңдер» дегені естіледі. Сондай-ақ кадрда «қалың мал бергенбіз» деген сөз айтылған. Бұл жайт әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына түсті.

Осыдан кейін журналист Руслан Өтепбайға өзін Мадинаны бұрыннан таныған әйел хабарласқан. Ол былтыр наурыз айында Мадинамен гинекология бөлімінде бір палатада жатқанын айтқан.

Хат авторының сөзінше, сол кезде Мадина жүкті болған және жүктілігіне байланысты ауруханада жатқан. Әйелдің айтуынша, Мадина оған күйеуінің жиі ұратынын айтып, отбасындағы жағдайына шағымданған.

«Күйеуім не болса да ұра береді» деп жылап айтқан. Сондай-ақ қайын сіңлісі де отбасындағы жанжалға араласатынын айтқан. Хат авторы сол кезде Мадинаға зорлық-зомбылыққа шыдамай, қауіп төнген жағдайда ол адаммен бірге тұрмауға кеңес бергенін жазған.

Хатта Мадинаның әкесі жоқ екенін де айтқаны көрсетілген. Алайда ол бұл туралы айналасындағыларға айтқысы келмей, әкесі бар екенін және жұмысқа кеткенін айтып жүретінін жеткізген.

Аталған хатта баяндалған жайттар әзірге ресми түрде расталған жоқ. Сондай-ақ әлеуметтік желіде Мадинаның қайын сіңлісіне қатысты тараған өзге де мәліметтердің шынайылығы белгісіз.

Қазіргі таңда Мадинаның өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап, тараптардың мәлімдемелері мен куәгерлердің сөздеріне құқықтық баға беруі тиіс.