Көшуге ең қолайлы елдердің рейтингі жарияланды

Көшуге ең қолайлы елдердің рейтингі жарияланды
SM News

Әлемдегі көшуге ең қолайлы елдердің рейтингі жарияланды, деп хабарлайды ult.kz remitly.com-ға сілтеме жасап.

Remitly компаниясы 2026 жылға арналған иммиграция индексін жариялады. Зерттеуде 82 мемлекет 34 көрсеткіш бойынша бағаланған. Олардың қатарында өмір сүру құны, баспана бағасы, білім беру жүйесі, медицина сапасы, қауіпсіздік деңгейі, табыс көлемі және тұрғындардың өмір сапасы сияқты көрсеткіштер бар.

Биылғы рейтингте бірінші орынға Швейцария шықты. Сарапшылар елдегі жоғары жалақы, медициналық көмектің қолжетімділігі мен қауіпсіздік деңгейінің жоғарылығын атап өткен. Сонымен қатар халықаралық мектептердің көптігі мен дамыған инфрақұрылым да Швейцарияның көш бастауына әсер еткен.

Екінші орынға Исландия жайғасты. Ел жоғары өмір сапасы, қауіпсіздігі және экологиялық жағдайымен ерекшеленеді. Үздік үштікті Люксембург түйіндеді. Сарапшылар мұнда жоғары табыс пен қоғамдық көліктің тиімді ұйымдастырылғанын айтқан.

Алғашқы бестікке Еуропадан тыс жалғыз мемлекет — Австралия енді. Сондай-ақ Германия да көшіп келушілер үшін тұрақты экономикасы мен еңбек құқықтарының қорғалуына байланысты жоғары бағаланған.

2026 жылғы көшуге ең қолайлы 10 ел:

Швейцария
Исландия
Люксембург
Австралия
Германия
Ирландия
АҚШ
Дания
Норвегия
Испания

Балалы отбасылар үшін ең қолайлы ел ретінде Испания танылды. Зерттеуде білім беру жүйесі, декреттік демалыс, бала күтіміне кететін шығындар мен халықаралық мектептердің саны ескерілген.

Сондай-ақ Remitly өмір сүру шығындары мен табыс арасындағы тиімді тепе-теңдік бойынша Сауд Арабиясын көшбасшы деп атады. Еуропа елдері арасында бұл көрсеткіш бойынша Норвегия мен Дания алдыңғы орындарға шыққан.