Қостанайлық машина жасаушылар Аманқарағай орманында 5 мың ағаш отырғызды

Қостанайлық машина жасаушылар Аманқарағай орманында 5 мың ағаш отырғызды


Қостанай облысында 2022 жылғы табиғи өрттен зардап шеккен Аманқарағай орманын қалпына келтіруге арналған ауқымды волонтерлік шара өтті. AGROMASH және Allur машина жасау кәсіпорындарының 300-ден астам қызметкері 5 мыңнан аса қарағай көшетін отырғызды. Акцияның бастамашысы – жұмысшы жастардың күшімен құрылған «Еңбек жастары» қозғалысы.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өтті. Бағдарлама экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатты сақтау мәселелері төңірегінде қоғамды біріктіруге және елдің экологиялық тепе-теңдігін қалпына келтіруге бағытталған.

Аманқарағай орманы – Қазақстандағы маңызды табиғи нысандардың бірі. Кәсіпорын қызметкерлерінің көпшілігі үшін орманды қалпына келтіруге атсалысу тек азаматтық жауапкершілік қана емес, жүрекке жақын жеке оқиғаға айналған. 2022 жылы дәл осы азаматтар халықты эвакуациялауға және алапат өрт салдарын жоюға қатысқан болатын.



AGROMASH зауытының президенті Динара Шүкіжанова орманды қалпына келтіруге қатысу төтенше жағдай кезінде өңір тұрғындарының бір-біріне көрсеткен қолдауының жалғасы екенін атап өтті:

«Аманқарағайда өрт лапылдап жатқанда, біз бейжай қарап отыра алмадық. Бұл – менің туған жерім, сол кезде жүрегіміз қан жылады. Жалын жақындап қалған үйлердің есігін қағып, адамдарға заттарын жинауға көмектестік, алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Еске алудың өзі қорқынышты, бірақ ұмыту мүмкін емес – әр жолы күйіп кеткен ағаштардың жанынан өткенде жан ауырады. Бүгін біз бұл жерге басқа мақсатпен келдік – жоғалған дүниені қайта қалпына келтіріп, өңірдің болашағына үлес қосу үшін келдік».


Шара барысында волонтерлік бастамалар мен жастар қозғалыстарының елдегі экологиялық күн тәртібін жүзеге асырудағы рөліне ерекше назар аударылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, адамдарды жасампаз құндылықтар төңірегінде біріктіреді және іс жүзіндегі патриотизмнің үлгісіне айналады.



«Еңбек жастары» қоғамдық, әлеуметтік және экологиялық жобаларға қатысатын кәсіпорындардың жас мамандарын біріктіреді.

Allur зауытының машиналық-контактылы дәнекерлеу шебері Диас Беріков:

«Бізді туған өңіріміз үшін пайдалы іс жасап, орманды қалпына келтіруге нақты үлес қосуға деген қарапайым ниет біріктірді. Өз қолыңмен көшет отырғызғанда, болашақ ұрпаққа не қалдыратының үшін жауапкершілікті өзгеше сезінесің. Біз өндірісте үнемі бір нәрсе жасап, құрып үйренгенбіз, бірақ зауыттан тыс жерде де – өз жерің мен мемлекетің үшін игі іс жасау маңызды. Мен үшін патриотизм – құр сөз емес, нақты әрекет. Бүгін біз дәл осындай маңызды іс үшін жиналдық», – деді.


Кәсіпорын қызметкерлері экологиялық акцияға қатысу өңірдің дамуына нақты үлес қосып, экология мен тұрақты даму саласындағы маңызды мемлекеттік бастамаларды қолдауға мүмкіндік бергенін атап өтті.



«Семиозерное орман шаруашылығы мекемесі» КММ басшысы Ринат Серденбаев бизнес пен волонтерлік қауымдастықтың өңір экожүйесін қалпына келтірудегі маңызын ерекше атады:

«Өрттен кейін төрт жыл өткен соң Аманқарағай табиғаты белсенді түрде өзін-өзі қалпына келтіру кезеңіне өтті. Ұйқы күйінде жатқан қарағай тұқымдары жаппай өне бастады, дегенмен орманға біздің көмегіміз қажет. Отырғызу үшін біз екі жылдық көшеттерді пайдаланамыз. Ірі ағаштарға қарағанда олар жергілікті топыраққа тез бейімделіп, осы жермен біте қайнасып кетеді, бұл олардың жақсы жерсінуіне кепіл болады. Бұл – ұзақ жол, бірақ біз болашақ ұрпақ үшін еңбек етіп жатқанымызды түсінеміз және бұл жұмысымызға ерекше мән береді. Мұндай бастамалар қоғамды табиғи мұраны сақтау жолындағы ортақ мақсатқа біріктіретіндіктен өте маңызды. Әсіресе еңбек ұжымдары мен жастардың белсенді қатысып жатқаны қуантады», – деді.



Еске салайық, 2022 жылғы Қостанай облысындағы табиғи өрттер өңір тарихындағы ең ірі апаттардың бірі болды. Соның салдарынан шамамен 25 мың гектар орман қоры зардап шекті.