«Контейнерлерде ем қабылдап жатыр»: Атырау облыстық онкологиялық орталығындағы жағдай қоғам талқысына түсті

«Контейнерлерде ем қабылдап жатыр»: Атырау облыстық онкологиялық орталығындағы жағдай қоғам талқысына түсті
facebook.com/aiman.jarlykassymova

Facebook желісінде Айман Джарлықасымова Атырау облыстық онкологиялық орталығындағы жағдайға қатысты жазба жариялап, медициналық мекеменің қазіргі ахуалын сынға алды, деп хабарлайды ult.kz.

Танысын ауруханаға жатқызуға бірге барған кезде көрген жағдайы оның көңілін қалдырған.

Автордың сөзінше, онкологиялық науқастардың бір бөлігі тексеруден өтіп, ем алып, отаға контейнер түріндегі ғимараттарда дайындалып жатыр.

«2026 жыл болса да, өзіңді Кеңес Одағына немесе далалық госпитальға түскендей сезінесің», – деп жазды ол.

Сондай-ақ қабылдау бөлімінде ауа салқындатқыштың жоқтығы, ғимараттың іші тым ыстық әрі қапырық болғаны айтылған. Оның пікірінше, мұндай жағдай ауыр ем қабылдап жүрген онкологиялық науқастар үшін әсіресе қиын.

Айман Джарлықасымова электронды кезек жүйесі де жұмыс істемегенін жеткізді. Соның салдарынан адамдар қолмен қағазға жазылып, екі сағаттан астам кезек күткен.

«Аулада науқастар мен оларды ертіп келген адамдар орындықта, жерге отырып, тіпті ағаш паллеттердің үстінде күтуге мәжбүр болды. Олардың арасында басқа қалалардан келген, химиялық терапиядан өткен және операциядан кейінгі егде жастағы адамдар да бар», – дейді жазба авторы.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, аурухананың анықтама қызметіне хабарласу қиын. Қала телефон нөмірлері жұмыс істемейді, тек ұялы байланыс арқылы ғана хабарласуға болады.

Жазбада аурухана қызметкерлері нысанды қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттамаға қол қойылғанын, алайда құрылыс жұмыстарының нақты қашан басталатыны белгісіз екенін айтқаны келтірілген. Сондай-ақ контейнерлік ғимараттар мемлекеттік қаржыға емес, медициналық мекеменің өз қаражатына орнатылғаны жазылған.

Осыған байланысты Айман Джарлықасымова Денсаулық сақтау министрлігіне бірқатар сауал қойып, онкологиялық көмек көрсетілетін мекемелерде науқастарға лайықты жағдай жасалуы тиіс екенін атап өтті.

Әзірге Денсаулық сақтау министрлігі мен Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселеге қатысты ресми пікір білдірген жоқ.

Фото: facebook.com/aiman.jarlykassymova