Конституциялық Соттың Президенттің қайта сайлануына қатысты конституциялық норманы түсіндіруі елдегі саяси үдерістерге байланысты түрлі болжамдарға құқықтық тұрғыдан нақты жауап берді. Бұл туралы саясаттанушы Қазбек Майгельдинов мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Сарапшының айтуынша, биліктің ауысуына қатысты қоғамда тарайтын түрлі жорамалдар елдің саяси ахуалына әсер етпей қоймайды. Мұндай жағдайда әртүрлі мүдделі топтардың белсенділігі артып, саяси тұрақтылыққа қауіп төндіретін факторлар пайда болуы мүмкін. Сондықтан мұндай мәселелерде құқықтық нақтылықтың болуы ерекше маңызды.
Қазбек Майгельдинов Конституциялық Соттың бүгінгі түсіндірмесі Президенттің қайта сайлану мерзіміне қатысты туындаған құқықтық мәселеге түпкілікті жауап бергенін атап өтті.
«Бұл – саяси элитаға жолданған нақты белгі. Біраз уақыттан бері түрлі болжамдарға арқау болған мәселеге құқықтық тұрғыдан нүкте қойылып, әртүрлі жорамалдарға тоқтау салынды», – деді ол.
Сонымен қатар саясаттанушы Конституциялық Соттың шешімі Президенттің автоматты түрде алдағы сайлаудың кандидаты болатынын білдірмейтінін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, сот тек Конституцияда көзделген құқықтық норманың мазмұнын түсіндірді.
«Бұл шешім ешқандай саяси сценарийді алдын ала белгілеп қойған жоқ. Конституциялық Сот тек Конституцияда қарастырылған құқықтық мүмкіндікті түсіндірді. Ал мемлекет басшысын халық сайлау арқылы анықтайды», – деді Қазбек Майгельдинов.
Сарапшының пікірінше, қабылданған шешім елдегі саяси тұрақтылық пен ішкі қоғамдық тыныштықты сақтауға бағытталған.
Оның айтуынша, Конституциялық Сотқа жүгінудің негізгі мақсаты да осы болды. Бұл мемлекеттік институттардың тұрақты жұмыс істейтінін және барлық маңызды шешімдердің заң аясында қабылданатынын көрсетеді.
«Бұл – ішкі саяси күштерге берілген маңызды белгі. Қазақстанның мемлекеттік жүйесі берік екенін, барлық шешім заң аясында қабылданатынын көрсетті. Президент институтының әлсіреуіне немесе саяси процестерді жасанды түрде жеделдетуге жол берілмейді», – деп түйіндеді саясаттанушы.