Оқиға 17 қыркүйекте тұрғын үйлердің бірінің маңында болған. Студент қыз Lada Vesta автокөлігін көліктер шығатын қақпаның алдына қойып, өзі сабаққа кеткен, деп хабарлайды ult.kz.
Шамамен бір жарым сағаттан кейін қыз көлігіне қайта келгенде, ашуға булыққан ер адаммен жанжалдасып қалған. Белгілі болғандай, ер адам көлік иесін шамамен 40 минут күткен.
Жанжал кезінде қыз көлікке отыруға әрекет жасаған сәтте ер адам оның көлігінің есігін теуіп қалған. Соның салдарынан есік қыздың басына тиген.
Полицияның мәліметінше, қақпаның алдында бұл аумақтың көліктер шығатын жол екендігін көрсететін жол белгілері немесе басқа да арнайы белгілер болмаған. Қазіргі уақытта бұл жағдай да тексеру аясында анықталып жатыр.
Ер адамның жеке басы анықталды. Оған қатысты бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады.