Қазақстанда ұшқышсыз жолаушыларға арналған әуе көлігін дамыту жобасы ресми түрде басталды. Allur автомобиль компаниясы Қытайдың EHang және қазақстандық QazTehna компанияларымен бірлесіп, елімізде eVTOL – тік көтеріліп, қона алатын электрлі ұшқышсыз жолаушылар әуе жүйесін енгізуге кірісті, деп хабарлайды ult.kz.
Жобаның алғашқы көрсетілімі Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі аясында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында EHang компаниясының EH216-S ұшқышсыз жолаушылар аппараты арнайы рұқсат етілген аумақта сынақ ұшуын орындады.
Сынақ ұшуына Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жолаушы ретінде қатысты.
Президент көмекшісі: Бұл – арман болған технология

Іс-шараны ҚР Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев ашып, жаңа технологияның Қазақстан үшін маңызын атап өтті.
«Бүгін біз бұрын тек арман болып көрінген электрлі ұшу аппаратының куәсі болып отырмыз. Енді ол практикалық сынақтан өтіп, жаңа көлік жүйесінің бір бөлігіне айналып келеді. Бұл көрсетілімнің "Болашақ ойындары" аясында өтуінің символдық мәні бар. Батыл технологиялық идеялардың нақты шешімдерге айналуының жарқын көрінісі», – деді ол.
Алғашқы жолаушы – Көлік министрі

Сынақ ұшуынан кейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, ұшу кезінде қорқыныш болмаған.
«Бұл Қытайда бірнеше рет сыналған технология. Сондықтан ешқандай күмән болған жоқ», – деді министр.
Ұшу кезінде не ойлағаны туралы сұраққа министр:
«Мен "Қазақстан, алға!" деп ойладым. Біз барлық жаңа технологияларда алдыңғы қатарда болуымыз керек. Болашақ осы бағытта», – деп жауап берді.
Министрдің айтуынша, аппарат өте жеңіл көтеріледі. Ұшу барысында аздаған діріл мен шу сезіледі, алайда бұл қалыпты құбылыс екенін алдын ала ескерткен. Сондай-ақ кабина күннің әсерінен сәл қызғанымен, салқындату жүйесі қарастырылғанын айтты.
Сөз соңында ол:
«Жақын арада өздеріңіз де ұшып көресіздер деп ойлаймын», – деп, бұл көліктің болашағы зор екеніне сенімділік білдірді.
Аппараттың мүмкіндігі қандай?
EH216-S екі жолаушыны тасымалдауға арналған. Ол сағатына 130 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшып, 35 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады.
Жобаның алғашқы кезеңінде Қазақстанның табиғи, тарихи және мәдени орындары үстінен 5–30 минуттық туристік әуе бағыттарын іске қосу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, мұндай аппараттарды шұғыл медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмек жеткізуге, өрт сөндіруге, логистикаға және төтенше жағдайларда пайдалануға мүмкіндік бар.

Қазақстанда өндірісін жолға қою жоспарланған
Аталған жобаны іске асыру Allur компаниясының Қазақстанда заманауи өндірістерді дамыту және әлемдік озық технологияларды енгізу жөніндегі жүйелі жұмысының кезекті кезеңі болып табылады. Соңғы жылдары компания отандық автомобиль жасау өнеркәсібін дамытуға, өндірісті локализациялау және жаңа индустриялық құзыреттерді қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді. Енді Allur осы тәжірибесін жаңа бағытта жалғастырып, елімізде ұшқышсыз авиациялық жүйелерді өндіру мен дамытудың негізін қалады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі жоғары технологиялық өнеркәсіпті дамытуға, заманауи өндірістерді локализациялауға және озық технологияларды трансферттеуге тікелей байланысты екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Мемлекет басшысы инновацияларға, инженерлік құзыреттерге және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға негізделген жаңа буын экономикасын кезең-кезеңімен қалыптастыру міндетін қойған.

Allur, EHang және QazTehna бірлескен жобасы осы стратегиялық басымдықтарға толық сәйкес келеді және Қазақстанда жаңа көлік саласын, жоғары технологиялық өндірісті және инновациялық экожүйені дамытудағы маңызды қадамдардың біріне айналады.
Айта кетсек, EHang компаниясы ұшқышсыз әуе технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып саналады және әлемде алғаш болып eVTOL санатындағы ұшқышсыз жолаушылар кемесінің коммерциялық пайдаланылуына қажетті негізгі сертификаттардың толық топтамасын алған.