Көлік-логистика секторы — Қазақстан экономикасын әртүрлілендірудің басты қозғаушы күші

Көлік-логистика секторы — Қазақстан экономикасын әртүрлілендірудің басты қозғаушы күші
Фото: Istock

Қазақстан Орталық Азияның көлік-логистика жүйесінде көшбасшы орынға ие. Ел аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Геосаяси өзгерістер аясында жаһандық логистикалық тізбектердің қайта құрылуы республиканың халықаралық бағыттар жүйесіндегі рөлін едәуір күшейтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның стратегиялық мақсаты — Қытайды Орталық Азия, Кавказ, Таяу Шығыс және Еуропамен байланыстыратын басты көлік-логистикалық хабқа айналу екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Бүгінде бұл сектор өзінің ең қарқынды даму кезеңдерінің бірін бастан кешіруде. Соңғы бес жылда саланың жалпы өнім көлемі үш есе өсті: 2021 жылғы шамамен 4,7 трлн теңгеден биыл жоспарланған 14,3 трлн теңгеге дейін жетті. Республика порттары арқылы өтетін контейнерлік транзит деңгейі де 4 есе жуық артты. Соңғы үш жылдың өзінде өткізу қабілеті жылына 200 мың ЖФЭ-ге (ТЭУ) дейін жеткізілді.

Премьер-министр Олжас Бектенов Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары барысында елдің ТХКБ (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) жүйесіндегі позициясын нығайтатын жаңа жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді.

Каспий жағалауында жылына 8 жаңа кеме салатын және 24 кемені жөндеуден өткізетін заманауи кеме жасау верфін салу жоспарланып отыр. Бұл толық циклді кәсіпорында экипажсыз су үсті аппараттары да өндірілетін болады. Жобаға кемінде 125 млрд теңге инвестиция бағытталады.

Ақтау әуежайы базасында мультимодальды логистикалық және авиациялық хаб бой көтереді. Онда бір мезгілде әуе кемелері мен жүк авиациясына техникалық қызмет көрсетіліп, жөндеу жүргізіледі. Жобаның мүмкіндігі — жылына әуе кемелеріне 200-ден астам техникалық қызмет көрсету операциясы және 60-қа дейін сырлау жұмысы.

Құрық портында көпфункционалды терминалдың бірінші кезеңінің құрылысына дайындық жүріп жатыр. Жоба Президенттің Қытайға жасаған жұмыс сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар аясында жүзеге асырылуда. «Guoyou Materials Group» компаниясы бұл жобаға 470 млрд теңге инвестиция салады. Жұмыстар 2026–2028 жылдарға, ал екінші кезең 2029–2031 жылдарға жоспарланған. Пайдалануға беру 2032 жылға көзделген.

Премьер-министр жобалардың сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Құрылыс мерзімдерін сақтауға, инвестиция тартуға, тұрақты жұмыс орындарын құруға, өндірісті оқшаулауға (локализация) және өңір тұрғындары мен экономикасы үшін нақты нәтижеге қол жеткізуге ерекше назар аударылуы тиіс.

«Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразияның басты көлік торабына айналдыру міндетін қойды. Маңғыстау облысы Қазақстан дамуының жаңа кезеңіндегі тірек өңірлердің біріне айналуы тиіс.

Заманауи кеме жасау базасын, мультимодальды авиациялық-логистикалық хабты және Құрық портында көпфункционалды терминал құру Орта дәліздің көлік инфрақұрылымын кеңейтуге, тасымал тұрақтылығын арттыруға және Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының еліміздің маңызды көлік-логистикалық торабы ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік береді. Үкімет қажетті қолдауды қамтамасыз етеді. Әрбір жоба сапалы, белгіленген мерзімде және халық үшін нақты нәтижемен жүзеге асырылуы тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстан ТХКБ-ның түйінді буыны болғандықтан, елдің логистикалық әлеуетін кеңейту халықаралық бағыттың барлық қатысушыларына тікелей әсер етеді.

«Геосаяси құбылмалылық фонында Солтүстік бағыттың маңызы біртіндеп төмендеп, керісінше Орта дәліздің рөлі едәуір артып келеді. Қазіргі таңда жүк тасымалының көлемі жылына 4,5 млн тоннадан асады, келешекте бұл көрсеткіш 10 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін.

Қазақстанның Еуропа мен Азия, Шығыс пен Батыс арасындағы географиялық тиімді орналасуын ескерсек, елдің көлік-логистика саласындағы әлеуеті орасан зор деп айтуға болады. Қуаттылықты арттыру Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арқылы Қытай мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды кеңейтуге ықпал етеді», — дейді саясаттанушы, Халықаралық Қара теңіз университетінің профессоры Ника Читадзе (Грузия).

Еуропалық Одақтың «Global Gateway» жобасының Транскаспий көлік дәлізі Координациялық платформасының аға сарапшысы Ғайдар Әбдікеримов көлік-логистика саласындағы барлық жобалардың басты мәні — Қазақстанның экономикалық дербестігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Қазақстанның шетелде салған терминалдары салынған инвестицияны ақтап қана қоймай, стратегиялық міндеттерді де атқарып отыр. Оған жарқын мысал — контейнерлерді өңдеу бойынша әлемдегі ең ірі 15 порттың бірі болып табылатын Ляньюньган порты. Сонымен қатар Сиань қаласында құрылған біздің құрғақ порт та өте тиімді жұмыс істеп жатыр — ол негізгі жүк ағындарын шоғырландырады. Маңғыстаудың порт инфрақұрылымын дамыту — бұл тек көлік саласына салынған инвестиция емес, сонымен бірге елдің экономикалық тұрақтылығына салынған капитал», — деп атап өтті Ғайдар Әбдікеримов.

Соңғы 15 жылда Қазақстан көлік және логистика инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд доллардан астам инвестиция салды. Республикада 754 шақырым жаңа теміржол желілері салынуда, бұл салалық өнім көлемін үш жарым есеге жуық арттыруға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін Мойынты – Қызылжар және Дәрбаза – Мақтаарал учаскелерінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл жобалардың да көлік жүйесін дамытуда стратегиялық маңызы бар. Сонымен қатар барлық өңірде 124 теміржол вокзалын жаңғырту бойынша әлеуметтік бағдарлама іске асырылуда — бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі жоба.

Президенттің тапсырмасы бойынша авиация инфрақұрылымы да белсенді дамып келеді. Әуежайлар, соның ішінде туристік аймақтардағы әуе айлақтары жаңартылып, жаңадан салынуда.

«Қазақстанның негізгі транзиттік мемлекет ретіндегі позициясы нығая түседі. Ел Үкіметі мен билік органдары орталық деңгейде де, өңірлік деңгейде де Қазақстанның әлемдік аренадағы экономикалық және саяси рөлін арттыру үшін ауқымды күш-жігер жұмсауда. Бұл мемлекеттің өнеркәсіптік әлеуетін де барынша пайдалануға мүмкіндік береді», — деп есептейді грузиялық саясаттанушы Ника Читадзе.

Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект шешімдерін енгізу де елдің саладағы көшбасшылық позициясын күшейтуге ықпал етеді. «Smart Cargo» платформасы іске қосылды: бірыңғай цифрлық терезе кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді ортақ цифрлық ортаға біріктіреді. Келесі кезең — тауар алмасуды жеделдетуге мүмкіндік беретін Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін құру.

Қазіргі жағдайда логистика ұлттық бәсекеге қабілеттілік пен тұрақты экономикалық өсімнің негізгі құралдарының біріне айналып отыр. Ағымдағы даму қарқынын сақтаған жағдайда Қазақстан транзиттен түсетін табысты едәуір арттырып, жаңа инвестициялар тартып, Шығыс пен Батыс арасындағы стратегиялық көпір мәртебесін одан әрі нығайта алады.