Freedom Inside '26

Көкшетауда жаяу жүргіншіні қағып өлтірген жүргізушіге үкім шықты

Көкшетауда жаяу жүргіншіні қағып өлтірген жүргізушіге үкім шықты
скриншот

Көкшетауда жүргізуші куәлігі жоқ әйелдің тұрғын үй ауласында жаяу жүргіншіні қағып, өлімге әкелген ісі бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға биылғы мамыр айында болған. Сот материалдарына сәйкес, қала тұрғыны жүргізуші куәлігі болмаса да автокөлік тізгініне отырған. Тұрғын үй ауласына бұрылу кезінде ол жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Салдарынан зардап шеккен әйел ауыр дене жарақаттарын алып, кейін ауруханада көз жұмған.

Сотталушы көлік басқару туралы шешімін жұбайының денсаулығының күрт нашарлауымен түсіндірген.

Сот отырысы барысында әйелдің кінәсі толық дәлелденді. Ол өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген, келтірілген шығынды өтеп, марқұмның туыстарынан кешірім сұраған.

Жәбірленуші тарап сотталушыға қатысты материалдық және моральдық талаптарының жоқ екенін айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Соған қарамастан сот көлік құралын жүргізу құқығынсыз басқару заң талаптарын өрескел бұзу екенін атап өтті. Сондай-ақ автокөліктің жоғары қауіптілік көзі саналатыны ескерілді.

Сот үкімімен әйел кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алайда оның асырауында екі кәмелетке толмаған баласы болуына байланысты жазаны орындау үш жылға кейінге шегерілді.