Көкшетау қаласында танысының телефонын пайдаланып, депозитіндегі қомақты қаражатты иемденді деген күдікпен жас жігіт ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол ұрланған ақшаның барлығын құмар ойынға жұмсап, ұтылып қалған, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиғаға байланысты Көкшетау қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, iPhone 15 телефоны жоғалып, жалпы шығын көлемі шамамен 2,6 млн теңгені құраған.
Тергеу барысында полицейлер жоғалған телефонда банк қосымшасы орнатылғанын анықтаған. Құрылғы арқылы жәбірленушінің депозиттік шотында шамамен 2 млн теңге болғаны белгілі болған.
Полиция мәліметінше, оқиғаға дейін 2007 жылы туған жас жігіт танысымен бірге уақыт өткізген. Алайда келесі күні жәбірленуші оған хабарласа алмай, телефонының жоғалғанын және депозитіндегі қаражаттың шешіліп алынғанын байқаған.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Алдын ала ақпарат бойынша, ол иемденген ақшаны құмар ойындарға тігіп, толықтай ұтылып қалған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.