Кличко Киев тұрғындарын қысқа мерзімге қаладан көшуге шақырды

Кличко Киев тұрғындарын қысқа мерзімге қаладан көшуге шақырды
ашық дереккөз

Ресейдің көпірлер мен энергетикалық инфрақұрылымға соққылары күшейгендіктен, Киев қысқа мерзімде қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Осыған байланысты қала әкімі Виталий Кличко туыстары немесе таныстары қаладан тыс жерде тұратын тұрғындарға қыста уақытша көшіп кету мүмкіндігін қарастыруға кеңес берді, деп хабарлайды ult.kz France24 басылымына сілтеме жасап.

Кличконың айтуынша, Ресейдің Киевке шабуылы күшейіп, қаладағы жағдай қиындап барады. Сондықтан билік алдағы қысқа дайындықты күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.

«Күн сайын қираған ғимараттар, жараланғандар мен қаза тапқандар туралы жаңа хабарлар түсіп жатыр. Қаламызға жасалған шабуылдар күшейіп келеді. Қазір басты мәселе – аман қалу», – деді Киев әкімі.

Сонымен бірге Кличко тұрғындарды қаладан жаппай кетуге шақырмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, Ресейдің көздегені – адамдардың қаланы тастап, бос қалаларды жауға қалдыруы.

Қыста жағдай қиындауы мүмкін

Қала әкімі су жүйесіне соққы жасалған жағдайда Киевте ауқымды дағдарыс туындауы мүмкін екенін ескертті. Сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі дұрыс жұмыс істемесе, елордадағы жағдай одан әрі қиындауы ықтимал.

Қазір қала билігі қысқа дайындық аясында қосымша жылу жүйелерін салып, жанармай, азық-түлік пен ауызсу қорын жинап жатыр.

Бұдан бөлек, Ресейдің Днепр өзені арқылы өтетін көпірлерге соққы жасауы көлік қатынасына қауіп төндірген. Кличконың айтуынша, өзеннің сол және оң жағалауын байланыстыру – қаланың қалыпты жұмыс істеуі үшін маңызды. Осыған байланысты билік өзеннен өтудің балама жолдарын, соның ішінде понтон көпірлерін орнату мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Киев әкімі бұған дейін де жылу тапшылығына байланысты тұрғындарға мүмкіндік болса, қала сыртындағы жерлерге уақытша көшуді ұсынған еді. Ол мұндай ескертулерді халықты ықтимал қиындықтарға алдын ала дайындау үшін жасап отырғанын айтты.