Шығыс Қазақстан облысындағы «Востокцветмет» ЖШС-не қарасты Артемьев кенішінде қайғылы оқиға болып, бір жұмысшы көз жұмды, деп хабарлайды ult.kz.
Компания мәліметінше, 30 мамыр күні шамамен сағат 20:30-да кеніш аумағында тау жыныстарының опырылуы салдарынан кәсіпорын қызметкері қаза тапқан. Оқиғадан кейін апат болған учаскедегі барлық жұмыс дереу тоқтатылды.
Қазір қайғылы жағдайдың себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеуге құзырлы органдар мен сала мамандары тартылған. Компания басшылығы қаза тапқан жұмысшының отбасына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Бұл KAZ Minerals кәсіпорындарында соңғы бір айдағы екінші өлім жағдайы болып отыр. Бұған дейін 9 мамыр күні дәл осы Артемьев кенішінде жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде шаң-желдету қызметінің механигі шамамен 9 метр биіктіктен құлап, көз жұмған еді.