Кебек құжатсыз, қой етіне транзитке тыйым салынған: екі көлік кері қайтарылды

Кебек құжатсыз, қой етіне транзитке тыйым салынған: екі көлік кері қайтарылды
АШМ

«Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде екі жүк көлігін тексеру кезінде ветеринариялық-санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Соның салдарынан 40 тонна бидай кебегі мен 20 тонна мұздатылған қой еті кері қайтарылды, деп хабарлайды ult.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жүк көліктерінің бірі Ресейдің Ульянов облысынан Түркістан облысының Сайрам ауданына 40 тонна бидай кебегін алып бара жатқан. Тексеру барысында жүктің ветеринариялық ілеспе құжаттары мен тиісті таңбалауы жоқ екені анықталған. Сонымен қатар өнім термиялық өңдеуден өтпеген.

Екінші көлік Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласынан Тәжікстанның Душанбе қаласына 20 тонна мұздатылған қой етін тасымалдаған. Алайда тексеру кезінде бұл өнімді Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өткізуге уақытша шектеу енгізілгені белгілі болды.

Екі жүк көлігі де кері қайтарылды. Жүргізушілерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.

Министрлік мәліметінше, жыл басынан бері «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде 249 заңбұзушылықтың жолы кесілген. Нәтижесінде 249 жүк көлігі кері қайтарылып, 117 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.