Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жер қойнауын зерттеу деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысын тексеру мақсатында Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазіргі уақытта еліміздің 11 өңіріндегі 20 учаскеде 1:50 000 масштабындағы геологиялық түсірілім (ГТ-50) жұмыстары жүргізілуде. Зерттеумен қамтылған жалпы аумақ 100 мың шаршы шақырымнан асады. Оның ішінде Ұлытау облысындағы 7 учаскеге тиесілі 36 мың шаршы шақырым жерде кешенді барлау іс-шаралары атқарылып жатыр.
Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу (ЖҚМГЗ) бағдарламасы аясында «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ үйлестіруімен арнайы геологиялық барлау компанияларының тобы құрылды. Жобаға қатысушы «Kazakhmys Barlau» ЖШС Ұлытау облысында заманауи аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізсе, «Тау-Кен Самұрық» құрамындағы «Қазгеология» АҚ RTK-навигациясы бар ұшқышсыз аппараттарды қолдануда. Сонымен қатар Ұлытау және Абай облыстарында 300-ге жуық ұңғыма бұрғыланды.
Сапар барысында министрге Жерді қашықтан зондтау, Ionic Leach жоғары дәлдіктегі геохимиялық әдісі және ұшқышсыз кешендер сияқты озық технологияларды енгізу нәтижелері таныстырылды.

«Жер қойнауын кең ауқымда зерттеу – Мемлекет басшысы қойған басты стратегилық міндет. Біздің мақсатымыз – сапалы геологиялық деректер алу. Бұл салаға инвестиция тартып, өнеркәсіпті дамытуға тікелей ықпал етеді», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Қазіргі таңда әрбір перспективті учаскеге электронды паспорт дайындалып, Жер қойнауының бірыңғай цифрлық кадастры қалыптастырылуда. Дайын болған алғашқы учаскелерді инвесторлар үшін 2027 жылдан бастап аукционға шығару жоспарланған.
Сондай-ақ министр Орталық Азиядағы ең ірі ғылыми-өндірістік кешендердің бірі саналатын Геологиялық кластердің жұмысымен танысып, сапар соңында тиісті тапсырмалар берді.