Қазақстанда елдің туристік әлеуетін насихаттау үшін шақырылатын шетелдік блогерлердің сапарына бюджет қаражаты жұмсалмайды. Бұл туралы Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Үкіметтегі брифинг барысында журналистер соңғы уақытта АҚШ, Еуропа және Қытай блогерлерінің Қазақстан туралы видеолары жиілегенін айтып, олардың сапарлары қалай қаржыландырылатынын сұрады.
Талғат Ғазизовтың айтуынша, ұлттық компанияның блогерлермен жұмыс істеуге арналған жеке бюджеті жоқ. Барлық ынтымақтастық серіктестік және бартерлік негізде жүзеге асырылады.
Оның сөзінше, блогерлердің сапарын ұйымдастыруға қонақүйлер, мейрамханалар, туроператорлар мен әуекомпаниялар қатысады. Кейбір әуе тасымалдаушылары блогерлерді тегін жеткізуге келіссе, туристік бизнес өкілдері орналастыру және қызмет көрсету шығындарын өз мойнына алады.
Kazakh Tourism бұл процесте үйлестіруші рөл атқарады: блогерлерді шақырып, оларды бизнес өкілдерімен байланыстырады. Алайда сапарларды тікелей қаржыландырмайды.
Компания мәліметінше, блогерлер Қазақстан үшін басым саналатын нарықтардан – Қытай, Еуропа, Азия және ТМД елдерінен шақырылады.
Айта кетейік, 2024 жылы Қытайдың миллиондаған оқырманы бар блогерлерінің Қазақстанға сапары қоғамда қызу талқыланған еді. Сол кезде де тур шығындарын демеушілер көтергені хабарланған болатын.